Жұма, 16.Ноября.2018, 10:25
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  Намаз адамды жалықтыра ма?
•  Ұлықбек Алиакбарұлы: "Жаңа заманға сай жаңа медианы меңгерген имам керек"
•  ОРАМАЛ ТАРТҚАН – ЕРСI, АЛ КIНДIК АШҚАН ШЕ?
•  Азия парктен жік шықты, екі құлағы тік шықты
•  Сапар айы (Сафар айы)
•  Шіркеу қазақша сөйлей бастады. Бұл нені аңғартады?
•  Фиқһ әл-ғибадат
•  Желтоқсан – жанымның жарасы
сауалнама
Намаз оқуыңа не кедергі?
Жауап берілді: 3585
 Діни мақалалар
Негізгі бет » Мақалалар » Қазақша мақалалар » Білгенге маржан


Желтоқсан – жанымның жарасы
Желтоқсан – жанымның жарасы
Аяусыз қатігездікпен басып-жаншылған Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, сол оқиғаның тікелей басы-қасында болғандықтан, әлі күнге дейін көз алдымда. Ульяновскіден келген орыс басшысына деген наразылықтан туған кездейсоқ өрбіген оқиға десек, көтерілістің мәнін төмендетіп аламыз, дұрысы империялық үстемдікпен жүргізілген ұлт саясатына қарсылық білдірген жастардың саналы қозғалысы.  
Олай дейтінім, алғашқы күні ҚазМУ-ден шыққан лек-лек жастардың айтатыны «қашанғы шыдаймыз, өз билігімізді өз қолымызға алатын кез жетті ғой, біз де ел емеспіз бе?», «ағаларымыз аңсаған азаттық алар сәт туды емес пе?», «халқымыздың көрген азабы аз болды ма, аяққа тапталғанымыз осымен жетер!» деген сияқты ұранды сөздер болды. Біреу сыбырлап айтты, біреу ашық айтып жатты. Бірақ Тимирязев, Сәтпаев көшелерін қара-құрым ағынға ұластырған жастар бейбіт еді, кәдуілгі сол кезде жиі болатын шеруге бара жатқандай көңілді болатын, әр тұстан ақ матаға «маркстік-лениндік ұлт саясатының» ұрансөздері жазылған транспоранттар ағараңдайды.. Жалын атқан жастар емеспіз бе, жолай әдемі ән де, жалынды жыр да оқылып жатыр. Жан-жағымыздан алабөтен ойдан ада, тек жүректе шемен боп қатқан талап-тілекті айтып қалуды мақсат еткен саналы топты ғана көреміз. Біз танымайтын әлдебіреулер тарапынан «Айтар ойымызды ашық айтайық, бірақ оқыс қимылға барып жүрмеңдер» деген ескертулер жиі естіліп қалады. Мұнысы несі, біз көшедегі бұзақы емеспіз ғой, бейбіт шеруге шыққанда не тұр деп таң қалғанбыз сонда.
Осы лекпен алаңға да келіп кірдік. Алаңды толтыруға айналып қалған жастардың араның омартасындай гуілі желтоқсанның ызғарын сезбеген денемізді біртүрлі тітіркендіріп жіберді. Тұңғыш рет осылайша қауымдасып жиналған кілең қазақтарды көріп тұрғандықтан ба, бойымда ерекше бір рух пайда болды. Сол рух, әсіресе, алаңдағы барлық жастардың Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін бір деммен қосыла айтқанында тіпті үдеп кетті. Ұлы бар, қызы бар қолтықтаса алға ұмтылдық. Арттан сыққан екпін аялдауға мұрша бермеді, мінбердің жанынан бір-ақ шықтық. Енді мінбер үстіндегі болып жатқан жағдай көз алдымызда анық көрініп тұрды. Елге танымал үлкен аға-апаларымыз «жатақханаларыңа қайтыңдар, адаспаңдар жастар!» деген сөздермен басу айтып жатты. Үндерінде діріл, көңілдері секем. Өздері айтып тұрмағаны анық, айтқызып тұр! Мінбер маңайындағы сірескен қара костюмді шоғыр алдыңғы қатарда тұрған студенттердің: «Бізге мінбер беріңіздер, ойымызды, талап-тілегімізді ашық айтып тарқасайық» деген сөздерін естімегендей күй танытып, елең-құлаң қылатын емес. Екінші бір тұстан да осындай өтініштер айтылып жатты. Алаңға жарық беретін бағанаға өрмелеп, бірінің мойнына екіншісі шығып жастардың арман-тілегін айтуға ұмтылғандары да аз болған жоқ. Бәрі бекер еді. Дауыс күшейткіш ұстап тұрғандар жастарға мінбер берудің «ұлттар достығы лабораториясына» қаншалықты зардабының тиетінін әрі жоғарыдан оңбай «таяқ жейтіндерін» жақсы білетін-ді, сондықтан мінберді беру олар үшін «Рейхстакты берумен» тең тұғын. Мәселенің ушығуы осыдан басталды. Оның үстіне Үкімет үйінің маңына бақайшағына дейін мұздай қаруланған әскерилердің келе бастауы жастарды ашындырды. Әскерилердің етіктерінің дүрсілі милицияға «жан бітірді», бізді тықсырып тастамақ ниетте сойылдарын алып, алға ұмтыла бастады. Арт жақтан берік қамалдай болып тіресіп тұрған қалың халықты ысырып тастау мүмкін емес еді. Қос қыспаққа шыдай алмай, өкпесі жаншылған қыздар шыңғыра бастады. Алдыңғы лекте тұрған жігіттер соққы астында қалды. Бұл қазаққа тән мінезі бар ер азаматтардың жанына батты. Милицияға қарсы ұмтылуға тура келді. Тырнақпен тырмалап қар жұмбаздарын жасап, атқылағаннан басқа бізде амал қалмады. Қақтығыс осылай өрши берді. Ар жағы белгілі: әскерилердің аяусыз сабауға көшуі, ығысып шетке шығып қалғандарын темір бункерге тоғыта бастауы, бұрымынан сүйрелген қыз... сойыл соққысынан шойырылған жігіт... азан-қазан, у-шу... Біз байқамаған екенбіз, ескерилер жан-жақтан қаумалап-ақ қалған екен, әп-сәтте быт-шытымызды шығарып, ыдыратып, бөлік-бөлікке бөліп тастады.
Бейбіт шеру өткізіп, талап-тілегімізді айтамыз да қайтамыз деген ниетпен келіп, істің мұндайға айналарын күтпеген жастар енді ашынып, аяғына дейін тұруға бел буды. Жастар шын мәнінде жүгенсіз кеткен империялық жүйенің оспадарсыз әрекеттердің бет-бейнесін анық аңғарды. Бұл режимнің жергілікті ұлттың наразылығын жаншу үшін ештеңеден де тайынбайтынын, ешкімді де аямайтынын ұғынды. Азаттыққа ұмтылған алғашқы ұшқын енді «мұз үстінде жанған алауға» айналды. Алаң толы жастар күшпен таратылуға жақын қалғанымен, ешкім де жатақханасына қайтпай, алаңды айналшықтап жүріп алды. Жатақханаға барған сәтте «жасанды қамауға» алынатынын олар жақсы білді. Енді тайынар бет жоқ, мақсат жолында өлейік деген серт байласты жастар. Осы үмітпен әр жерде қонып, ертеңіне алаңға қайта жиналдык. Бұл жолы, қауіп қылғанымыздай, студенттердің басым бөлігі жатақханаларда және оқу корпустарында «қамалып» қалған болатын.
Ертеңгі қырғын ел есінен кетпейтін қырғын болды: аязды күні өрт сөндіру машиналарынан шашылған мұздай су, аяусыз соққыға жығылған өрімдей қыздар, сойыл соққысынан сұлап түскен жігіттер, қан жоса болған топтастар, топ-тобымен «құрсауланып», белгісіз бағытқа алынып кеткен замандастар...
Тілек ескерусіз қалды, жүрек жаралы болды! Бұдан өткен қорлық болар ма?!
Екі-үш күннен соң оқу аудиторияларында лектордың орнын құпия тергеушілер басты, лекция орнына тергеу амалдары жүре бастады. Тергеу ұзаққа созылды. Бопсалау, теріс ақпар беруге итермелеу аз болған жоқ. Жүйке жұқарды, жан күйзелді, намыс аяққа тапталды... Сол жүрек жарасы, міне, 22 жыл болды, әлі жазылған емес. Әр желтоқсан сайын сыздап, жанға тыншу бермейді.
Шүкір, сол Желтоқсанның бастауы, араға 5 жыл салып Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеш болса да, жастар тілегі қабыл болды. Елбасымыз ұстанған саясат бізді әлемге танытты. Бір өкінерім, мына көршілес Кентау қаласы қала төрінен «Желтоқсаншылар стелласын» ашып, жыл сайын Тәуелсіздік боздақтарын еске алып, құран бағыштап отырса, Түркістан әзірге үнсіз. Тек бірлі-екілі мектеп қана кездесу өткізген болады. Қазір мен күнбе-күн араласып жүрген әріптестерім Жанәлі Дәрібаев, Арман Жұмаш, Дудариша Сартбаева, тағы сол сияқты еліміздің Тәуелсіздігі үшін 17-18 желтоқсан күндері алаңда арпалысқан аяулы замандастарымды, достарымды, ҚазМУ-де бірге оқыған топтас құрбы-құрдастарымды, алаңда бірге жүрген өзім танымасам да, тілегіміз бір болған намысшыл жастарды сағынышпен және биік мәртебемен еске аламын.
Сендер ел азаттығы жолында күрестіңдер, еңбектерің еш болған жоқ, мейлі, әрқайсысыңның есімдеріңді ел біле қоймас, бірақ сендер ата-бабаларымызға тән өр рухтарыңмен халық жадында мәңгіге сақталатын боласыңдар! Мерекелеріңмен!
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық 
қазақ-түрік университеті
Журналистика кафедрасының меңгерушісі
Бекжігіт Сердәлі



Категориясы: Білгенге маржан | Ендірген: Dinislam_Kz (10.Декабря.2010) | Авторы: Бекжігіт Сердәлі
Көрілді: 20022 | Рейтингі: 4.7/19 |


Барлық пікірлер: 0

Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2015 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
жарнама орныңыз
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
Н.Төреқұлов мешіті

САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар:

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: princedastanbek

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 4025
Осы ай ішінде: 0
Осы апта ішінде: 0
Кеше: 0
Бүгін: 0