Жұма, 16.Ноября.2018, 10:22
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  Намаз адамды жалықтыра ма?
•  Ұлықбек Алиакбарұлы: "Жаңа заманға сай жаңа медианы меңгерген имам керек"
•  ОРАМАЛ ТАРТҚАН – ЕРСI, АЛ КIНДIК АШҚАН ШЕ?
•  Азия парктен жік шықты, екі құлағы тік шықты
•  Сапар айы (Сафар айы)
•  Шіркеу қазақша сөйлей бастады. Бұл нені аңғартады?
•  Фиқһ әл-ғибадат
•  Желтоқсан – жанымның жарасы
сауалнама
Имамдар жұмыстарын қаншалықты жақсы атқарады?
Жауап берілді: 1582
 Діни мақалалар
Негізгі бет » Мақалалар » Қазақша мақалалар » "Ислам және өркениет" газеті...


ОБЛЫСТАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ - ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ
ОБЛЫСТАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ - ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ
Смайыл СЕЙІТБЕКОВ, ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысындағы өкілі:

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ел көлемінде атқарып жатқан ізгі бастамалары мен игі діни іс-шаралары нәтижесіз емес. Сіз өкіл болып отырған өңірде бұл үрдіс қалай жалғасын табуда? Жалпы облыстағы бүгінгі діни ахуал қандай?

- Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет басшылық етіп отырған Діни басқарманың ұйытқы болуымен еліміздің әрбір өңірінде көңілге қуаныш ұялатар игі діни іс-шаралар атқарылып жатса, біздің облыста да мұсылман бауыр-ларымыз тарапынан асыл дініміздің өр-кендеуі үшін қолға алынып жатқан ауыз толтырып айтарлық жұмыстарымыз бар. Халықты хақ жолға бұрып, дінді үйрету мақсатында келелі іс-шаралар атқарылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан шыққан пәтуалардың бәрі халыққа түсіндіріліп, іске асырылып, Бас мүфти хазрет алға қойған міндеттемелер мен бұйрықтар дер кезінде шешімін тауып, жүзеге асып жатыр.

Облысымыздағы ең үлкен жетістіктің бірі - «Орал» медресесінің ашылуы. Тек облыс емес, жалпы елдің батыс аймағын дін мамандарымен қамтамасыз ететін медресені ашуға бастама көтеріп, ұйытқы болған Бас мүфтиіміздің өзі еді. Бұл бастаманы біз аяқсыз қалдырмай, жергілікті кәсіпкерлерді іске тартып, облыс әкіміне өтініш тастап, сол кісінің қолдауымен бүгінгі медресені аштық. Қазір діни медресеміз 3-ші оқу жылында талапқа сай шәкірттерге тәлім беріп, жұмыс жасап жатыр.

2005 жылы қаламызда бір ғана мешіт болса, Аллаға шүкір, қазір үш мешітіміз бар. Облыс бойынша 45 мешіт бар, олардың бәрі де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына филиал ретінде тіркелген. Бір қуанарлығы, бізде өз басына жеке діни бірлестік болып, тіркелмей отырған бірде-бір мешіт жоқ. Бұған да біз өзіміздің жасап жатқан жұмысымыздың нәтижесі деп қараймыз.

Өйткені, еліміздің кей жерлерінде жеке кәсіпкерлер мешіт салып, Діни басқармаға қосылмай, жеке діни бірлестік ретінде қызмет етіп жатыр. Батыс Қазақстанда дін қызметкерлерінің табанды жұмысы арқасында мұндай оқиғалар орын алған жоқ. Бізде тек Қажылар қауымдастығы ғана ислам дінінің атынан тіркелген жеке діни бірлестік болып табылады.

Әрине, алыс өңірлерде білікті де білімді дін мамандарының аздығынан, аудандарымызда, ауылдарымызда кенжелеп қалған тұстарымыздың бары рас, бұл елімізде дін кадрларын даярлау ісінің енді ғана жолға қойылғандығымен байланысты.

- «Орал» медресесінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне кеңірек тоқталып өтсеңіз. Оқу үрдісі бір ізге түсті ме?

- Жаңа айтып өткенімдей, қазір бізде 3-ші жыл шәкірттер тәрбиеленуде. Иншалла, 2011 жылы алғашқы түлектерімізді ұшыруға дайындалып жатырмыз. Жалпы, медресе құрылысы 2008 жылдың басында басталып, сол жылы қыркүйек айында толық аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған жылдың 24 қыркүйек күні оқу орнының ресми ашылу салтанаты болып, оған Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет пен облыс әкімі Бақытжан Ізмұхамбетов қатысты.

2009 жылдың наурыз айында біз ҚР Әділет министрлігіне ресми тіркелсек, осы жылдың басында ҚР Білім және ғылым министрлігінен мерзімі шектеусіз лицензия алдық. Яғни медресенің құжаттары толыққанды бір жүйеге келтіріліп, оқу үрдісі бір ізге түсті деуге негіз бар.

Талап бойынша, «Орал» медресесі Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары үшін дін мамандарын дайындайтын оқу ордасы, қазір бізде осы үш өңірдің шәкірттері білім алуда. Келешекте де аталған батыс аймақтың мектеп бітірген балаларын медресеге оқуға қабылдайтын боламыз. Кейін оқуын тәмамдап шыққан  шәкірттер, яғни дін мамандары өздері келген аймақтарға барып, мешіттерде қызмет істейді.

- Медресенің қаржылық жағы шешілген бе? Осыншама шәкірттің білім алуын кім қаржыландырады?

- Діни оқу орны болғандықтан, медресемізде балалардың оқуы, жатын орны, тамағы, бәрі де тегін. Дегенмен, кез келген мекеменің белгілі бір шығындары болатыны рас. Қазір бізге «Қазақстан-2030» қазақ-түрік жастарын қолдау қоры ұстаздардың жалақысы, шәкірттердің ас-суы секілді бірқатар шығынымызды жауып, қол ұшын созып отыр. Әйтсе де, ол қаражат медресеміздің барлық шығындарына жеткіліксіз. Сондықтан, біз су, газ, жылу, жарық, жөндеу жұмыстары секілді қалған шығындарымызды өтеу үшін жергілікті кәсіпкерлерге өтініш жасап, солардың көмегіне жүгінеміз. Дінге немқұрайды қарамай, көмек қолдарын созып отырған осындай мұсылман азаматтарымыздың арқасында бүгінгі медресеміз талапқа сай жұмыс істеуде. Аталған кәсіпкерлерге Алла разы болып, істеріне береке берсін!

- Бүгінгі таңда еліміздің осы батыс аймақтарында фитнашыл топ өкілдерінің қатары артқаны байқалады. Мәселен, мәзһаб мойындамайтын, бес уақыт намаз оқымайтындарды «кәпірлер» дейтін әлгіндей топқа кірген жастары көп. Қазақ халқы ежелден ұстанған Ханафи мәзһабын насихаттау іс-шаралары қалай жүріп жатыр?

- Ел арасына іріткі салып, теріс жолда жүрген бұл бауырларымыз өздері адасып, от басып жүр, бірақ шариғаттан білімі шамалы олар бұл жолдың өздерін қайда бастап бара жатқанын қайдан аңғарсын. Кез келген мұсылман адамға: «Сен мүджаһид-сің бе, әлде мукаллидсің бе?» деп сұрақ қоюға болады. Бұның мағынасы: «Сен үкім шығаруға қабілетті шариғи білімі терең дін ғалымысың ба, әлде үкім шығаратын дін ғұламасы бола алмағандықтан, сол ғалымдардың салған жолдарымен жүретін қарапайым мұсылмансың ба?» деген сөз. Әлбетте, қазір арамызда жүрген адасушы мұсылмандар бұл сұраққа жауап бере алмайды. Олар исламда сара жолын салған мүджтаһид болмағандықтан, дін ғұламаларының соңынан ілесе жүруі тиіс еді. Алайда, бұл бауырларымыз оларға ілеспей, мәзһабты мойындамай, бес уақыт намаз оқымайтындарды «жәһил» деп, өздерінің жәһил болып жүргендерін сезбейді. Бұларды біз түйетауыққа ұқсатуымызға болады. Түйетауық аңнан қашқанда мені ешкім көрмесін деп басын құмға тығып тұрады ғой. Сол сияқты мәзһабсыздықты ту көтеріп жүргендер қанша жерден өздерінің жолдарын дұрыс санап, соны насихаттауға тырысқанымен, надандықтың батпағына қалайша батып жүргендерін өздері сезбей жүр. Енді оларға Алла тағала тура жолды нәсіп қылсын дейміз.

Шариғи тұрғыдан келгенде, «біз сунна жолында жүрміз, мәзһабсызбыз» деу - адасушылық. Өйткені, бүкіл өткен ғалымдарымыздың бәрі де мәзһаб ұстанған. Демек, мәзһабсыз болу - жаңа бір бағытты өзің ойлап таптың деген сөз. Төрт мәзһабты да мойындамай, біз таза сүннет жолындамыз дегендерді адасқан деп айтпасқа шара жоқ. Ықылым тарихтан бері ислам ғалымдары осы төрт мәзһабты ғана шынайы хақ жолы деп, одан өзге пайда болған тармақтарды теріс бидғат, адасу деп айыптап отырған.

Осындай ағымдарға қарсы тұрып, ұлық дінімізді кеңінен насихаттау мақсатында біз қаламыздағы жоғары және орта оқу орындарында, мектептерде, мекемелерде, аудандар мен ауылдық округтерде болып, халықпен, жастармен кездесіп, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әсіресе, жастардың теріс жолдарға бой ұрмауы, секталарға шырмалмауы үшін үш жылдан бері жүйелі түрде жұмыс жасаудамыз. Мұны тек дін мамандары ғана емес, облыстық ішкі саясат басқармасы, Әділет департаментінің дін істері бөлімінің қызметкерлерімен бірігіп, тізе қосып атқарып жатырмыз.

Ал қаламыздағы мешіттерде уағыз-насихат жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Әр күні ақшам мен құптан намаздары арасында уағыз айтылады. Кейде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан үгіт-насихат тобы келіп, жергілікті діни ахуал барысын қадағалап, уағыз жүргізіп кетеді. Дегенмен, мұның бәрі толық жеткілікті деп айта алмаймыз. Кезегін күтіп шешілмей тұрған мәселелер баршылық.

- Облыс мешіттерінде сауат ашу курстары жолға қойылған ба?

- Өкінішке орай, Батыс Қазақстан облысы аймағындағы көпшілік мешіттерде ҚМДБ тарапынан бекітілген арнайы сауат ашу курстары жоқ. Себебі, бізде маман тапшы. Мәселен, аудан, ауыл мешіттерінде бір имамнан басқа қызметкер, яғни наиб имам, азаншы дегендер жоқ. Сондықтан, жалғыз имам мешіттің жұмыстарына, келген адамдарға Құран оқуға, сауат ашу курсына, басқа да шаруаларға бір өзі үлгере алмайды. Екіншіден, ол имамдарымыздың көбі арнайы діни білім алмаған. Олар өздерінің шама-шарқында мешітке келгендерге дәріс береді, бірақ жүйелі түрде сауат ашу курстарын ұйымдастыру әзірге мүмкін болмай тұр.

Тек қаламыздағы үш мешітте ғана жүйелі дәріс беру ісі жолға қойылды. Енді бірнеше жылдан кейін қазіргі медреселерімізді бітіріп шығатын шәкірттеріміз бұл олқылықтардың орнын толтырады деген үміттеміз. Ал дәл қазір біздің ең басты проблемамыз - осы маман тапшылығы болып отырғаны шындық.

- Өзіңіз дінімізге қатысты тартым-ды да толғамды мақалаларыңызбен баспасөз беттерінде жиі көрініп тұрасыз. Ұлық дінімізді кеңінен насихаттау үшін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс барысы қалай?

- Біз бүкіл облыс көлеміне тарайтын «Орал өңірі», «Жайық үні» сияқты газеттерге жиі мақала, сұхбаттар жариялап тұрамыз. Аудан имамдары өз кезегінде аудандық газеттерге жазады. Жергілікті имамдардың әрбіріне ең азы бір тоқсанда бір мақала беріп тұру туралы шарт қойылған.

Жергілікті «ТДК-42» арнасында әр жұмада «Ислам ақиқаты» деген бағдар-лама жүреді. Содан қалалық мешіттердің білікті имамдары уағыз айтып тұрады. Былтырғы жылға дейін облыстық радиода да бір бағдарлама болған, бірақ белгілі бір шектеулерге байланысты қазір тек баспасөз бен телеарна арқылы ғана асыл дінімізді насихаттау үстіндеміз.

- Ал өзіміздің Діни басқарма тарапы-нан шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналының облыстағы таралымы қандай?

- Облысымызда 1800 дана «Ислам және өркениет» газеті, 450-дей дана «Иман» журналы таралады.

Әрине, дін насихатпен дамиды демекші, Қазақстан халқына асыл дініміздің құндылықтарын насихаттап жеткізуде аталған бірегей басылымдардың атқарып отырған еңбегі зор. Қазір мектеп оқушысынан бастап еңкейген қарияларымызға дейін «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналын сүйіп оқитын болды. Қазақ жерінде қайта бой көтере бастаған дінімізбен бірге халық санасы да исламға бұрылып, жас та, кәрі де діни басылымдарды оқу керектігін түсіне бастады. Сондықтан, ҚМДБ тарапынан шығып жатқан басылымдарға жазылушылар қатары облысымызда көбейіп келеді. Әлбетте, әзірге 1800 дана газет пен 450 дана журналдың таралуы тым аздау болып отырғаны шындық. Дегенмен, «Көш жүре келе түзелмек».

- Соңғы сұрақ: бұған дейін исламның түйткілді мәселелерін қозғап, қаламыңыздан туған кітаптарыңыз көзі қарақты жұртшылық арасында жақсы бағаға ие болды. Мұсылман жамағатқа тағы қандай туындыңызды ұсынбақшысыз?

- Қазір мәзһабтар тарихы туралы бір кітап жазуды жоспарлап жүрмін. Әзірге кіріспесі ғана жазылды. Алдағы уақытта сол кітабымды бітіріп, оқырманға жеткізсем деген ниетім бар. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде елімізде өздерін таза мұсылмандармыз деп санайтын неше түрлі ағым өкілдері бар. Иншалла, болашақ кітабымда сол ағымдардың қайдан шыққанын, кім ойлап тапқанын, олардың ұстанымдары, біздің әһли сүннет уәл-жамағат ұстанымымен қайшы келетін тұстары қандай деген сияқты мәселелерді ашып, мәзһабтар тарихын қозғап, ақиқи діннің ашылуына бір кішкене үлесімді қоссам деймін.

Қазір елімізде, өкінішке орай, орысша кітаптармен салыстырғанда қазақ тіліндегі діни тақырыптағы кітаптар өте аз. Енді-енді ғана өзге тілдерден аударылу үстінде. Соның ішінде қазақ дін мамандарының кітаптары саусақпен санарлық. Қазір ғаламтор бар, телеарна бар, Ресейден келіп жатқан кітаптар мен газеттер де көп. Бірақ, халыққа нақты бір бағыт-бағдар бермесе, ислам дінінен хабары, мағлұматы аз жұртшылықтың осыншама қаптаған ақпарат тасқынында адасып кетуі оңай. Сондықтан, әсіресе, желкілдеп өсіп келе жатқан жастарымыз тура жолға жаңылмай түсуі үшін өз елімізде басылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақұлдауымен шыққан діни кітаптардың көп болғаны жөн. Бұл біздің ұлттық, діни тұтастығымыз үшін аса қажет. Менің кітап жазудағы басты мақсатым да - халыққа бір жұғымды дүние болса, асыл дініміздің дамуына үлесімді қоссам деген ниет.

- Ендеше, Алла сізге сәттілік берсін! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ескендір Тасболат, 
«Ислам және өркениет».
№33 (213), 21-30 қараша, 2010 жыл.

Ақпарат көзі: http://muftyat.kz/3367-oblysta1170y-basty-m1240sele-din-mamandaryny1186.html

Категориясы: "Ислам және өркениет" газеті... | Ендірген: Dinislam_Kz (24.Ноября.2010) | Авторы: «Ислам және өркениет».
Көрілді: 4624 | Рейтингі: 2.0/1 |


Барлық пікірлер: 0

Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2015 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
жарнама орныңыз
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
Н.Төреқұлов мешіті

САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар:

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: princedastanbek

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 4025
Осы ай ішінде: 0
Осы апта ішінде: 0
Кеше: 0
Бүгін: 0