Дүйсенбі, 23.Сентября.2019, 22:24
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
сауалнама
Қай облыстан боласыз?
Жауап берілді: 8169
 

Негізгі бет » 2010 » Қараша » 15 » [15.11.2010.] Мұсылмандардың ең ұлық мерекесі - Құрбан айт мүбәрәк болсын!


[15.11.2010.] Мұсылмандардың ең ұлық мерекесі - Құрбан айт мүбәрәк болсын!
22:37
Ертең, 16 қараша күні, мұсылмандардың ең ұлық мерекесі - Құрбан айт басталады. Үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше. Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Ұлы Жаратушы Иеміз - Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міскін жандарға қамқорлық көрсетеді. Мұсылмандар Алладан ізгі тілектер тілейді. Шелпек салып, бақилық болған ата-бабаларының, жақындарының рухына құран бағыштайды, берекесі мол дастархан жайып, «Құрбан айт құтты болсын!», деп бір-бірінің үйіне айттайды. Өкпелі жандар кешірімге келіп, татуласып, өткен-кеткен реніштерін ұмытады. «Құрбан айт мүбарак болсын!» дей отырып, осы ұлық мейрамның қарсаңында оның мән-маңызы жайлы айтып беруі үшін  «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Қалижан қажы Заңқоевты әңгімеге тартқан едік.
- Қалижан Байырбекұлы, ертең, 16 қараша күні мұсылмандардың ұлық мейрамы - Құрбан айт басталады. Аталған мерекенің мән-маңызына, оны дұрыс атап өтудің жөн-жосығына тоқталсаңыз?
- Ассалаумағалайкум, құрметті мұсылман қауым! Жаратқан бір Аллаға сансыз мадақ пен мақтаулар болсын! Екі дүние сұлтаны Мұхаммед пайғамбарымыз саллаллааһу алайһи уә сәлламға сансыз салауаттар болсын! Ислам әлемі аңсай күткен қасиетті мереке - Құрбан айт та келіп жетті. Жалпы дініміздегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақырады. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бірі-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз - намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені...», - деген. Сондықтан Құрбан айт таңы атысымен-ақ исі мұсылман баласы ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, айт намазын оқу үшін мешітке барады. Намаз аяқталған соң мереке өзінің барлық сән-салтанатымен имандылық думанына айналады. Аллаһ разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады.
Негізінен айт - Ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүние келген. Кейін асыл дініміз мұны діни дәстүрге, мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрландырды. Мінеки, содан бері Құрбан айт мұсылман ай күнтізбесіндегі Зүлхижжаһ айының оныншы жұлдызында басталып, 3-4 күнге жалғасып келеді. Бұл мерекенің алғашқы күні биылғы қараша айының 16-жұлдызына сәйкес келіп тұр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілгені белгілі.
- Биыл айт намазы нешеде оқылады?
- Астана қаласындағы мешіттерде Құрбан айт намазы таңертеңгі сағат - 09.00-де, Алматы қаласында - 08.30-да, Алматы облысында - 08.30-да, Талдықорған қаласында - 08.30-да, Жамбыл облысында - 08.45-те, Оңтүстік Қазақстан облысында - 09.00-де, Қызылорда облысында - 09.30-да, Батыс Қазақстан облысында - 09.20-да, Қарағанды облысында - 09.15-те, Жезқазған қаласында - 09.30-да, Көкшетау қаласында - 09.30-да, Павлодар облысында - 09.00-де, Петропавл облысында - 09.30-да, Қостанай облысында - 10.00-де, Шығыс Қазақстан облысында - 08.30-да, Маңғыстау облысында - 09.00-де, Атырау облысында - 09.40-та және Ақтөбе облысында - 09.30-да оқылады.
- Құрбандыққа шалынатын мал турасында айтып берсеңіз.
- Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Әдетте құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар шалынады. Ал үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызады. Оны бауыздамай тұрып ниет етіп, бірнеше аят оқылады. Ал оларды білмегендер: «Иә, Аллаһ тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, «Аллаһу акбар!» мен «Лә иләһаиллаллаһты» айтады. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл - құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.
Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.  Әртүрлі себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады.
Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату- мұстахап. Бір бөлігі - туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі - кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», деген.
- Бас шаһардың мұсылман мерекесіне дайындығы қалай?
- Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен елордамызда биыл үшінші жыл Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өтілмек. Қазір мерекеге қызу дайындықтар жүріп жатыр. Бұл күндері тазалықты сақтау мақсатында қаладағы мешіттердің ешбірінде құрбандық малы сатылмайды және сойылмайды. Айт кезіндегі діни жоралғылардың барлығы қала маңындағы «Алтын таға» мал базарында жүзеге асырылады. Онда мал шалатын орындар даярланды, онда міндетті түрде мешіт қызметкерлері, қасапшылар, тазалықшылар, тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері мен тиісті басқа да құрылымдар жұмылдырылады.
Ал қазір мешіттерде Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті мен құрбандық шалу ісінің шарттары мен талаптары түсіндірілуде. Бізде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің «Құрбан айт - құтты мереке!» атты кітапшасын астаналық мұсылмандарға тегін тарату дәстүрге айналды. Биыл аталмыш кітапша «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қорының көмегімен 7000 данаға көбейтіліп, таратылуда.
- Алда болатын ЕҚЫҰ Саммитіне ислам елдерінен келетін қонақтар еліміздің басты мешітіне бас сұқпай кетпесі анық. Меймандарды қарсы алуға дайындықтарыңыз қалай?
- Негізі, ҚР Сыртқы істер министрлігінен Саммит күндері мешітімізге қонақтар келетіндігі және оларды күтіп алу жұмыстары жөнінде хат келген жоқ. Дегенмен, басты мешіттің тазалығы мен техникалық жағдайы қашанда мін келтірмейді. Ешқандай кемшіліктеріміз жоқ. Қонақтарды бүгін-ақ күтіп алуға дайынбыз. Ал енді қазір барлық мекемелерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр ғой. Қала әкімдігі бізде де сол жұмыстарды жүргізуде. Әрине, бұл жауапты шара болғандықтан, ол күндері мешіттегі тәртіп пен тазалық барынша қадағаланатын болады.
- «Нұр Астана» мешіті биылғы Рамазан айында көптеген қайырымдылық шараларды ұйымдастырды. Құрбан айт кезінде осындай игі істерді өткізу көзделген бе?
- Өздеріңізге белгілі бұл мереке кезінде мұсылмандар құрбандық шалу ісін өздерінің шама-шарқынша жүзеге асыруға тырысады. Жоғарыда атап өткен, «Алтын таға» мал базарында шалынатын құрбандық еттері қаладағы Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға, қарттар үйіне, мүгедектер мен зағип жандарға үлестірілетін болады. Үлестіру жұмыстарын мешіт пен әкімдік қызметкерлері бірлесіп атқармақ. Құрбан айт күндеріндегі бұл қайырымдылық шара әлеуметтің әлсіз тобына мерекені сездіруге септігін тигізіп, өзгелерге деген сүйіспеншіліктерін оятары сөзсіз.
- Құрбан айт мерекесі елімізде соңғы жылдары айрықша атап өтіліп жатқанын айттыңыз. Аллаға шүкір, мемлекеттік мерекелер тізіміне де енгізілді. Ал осы ұлық мейрамды атап өтетін қоғамда өзгерістер бар ма?
- Қасиетті мерекені атап өту жылдан-жылға жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқанын сеніммен айта аламын. Әрине, бұл Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті мен орындалатын ғибадаттарды халыққа түсіндіріп, насихаттаудың арқасы. Сондай-ақ мерекенің ресми мәртебеге ие болуы - ел мұсылмандарына оны ерекше атап өтуіне жол ашты.
Дегенмен де, мерекенің маңызы мен мағынасы исі мұсылман барлық азаматтың, әсіресе жастардың санасына терең сіңісе алмай отырған жайы да бар. Қазір жастарымыз менталитетімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын неше түрлі мерекелерді аталарынан қалған мұрадай атап өтіп жүр.  Кез келген мерекені атап өтудің өзіндік дәстүрі бар. Мәселен, грегориян жаңа жылын шырша мен аяз атасыз елестете алмайсыз. Ал Құрбан айт пен Ораза айт мейрамдары қалай тойланады және жастар оны қалай елестетеді? Сөзсіз, Құрбан айттың ең маңызды әрі сүйікті құлшылығы - құрбандық шалу. Бірақ бұл мереке туралы ұғым тек мал бауыздаумен ғана шектелмеуі тиіс. Әрине, жастарды кінәлаудан бұрын оларға ақ қараны ажыратып көрсетуіміз қажет. Сол себепті біз қазір «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесіп білім беру мекемелерінде, көпшілік жиналатын қоғамдық орындарда Құрбан айт мерекесін тиісінше атап өтуді нұсқайтын бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Бағдарлама қазір пысықталу үстінде. Ол қолдау табады деген ойдамыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, мереке қарсаңында телеарналар да тек қана мал бауыздау ісін қайталап көрсете бермей, тартымды бағдарламалар жасаса нұр үстіне нұр болар еді.
- Жамағатқа айтар тілегіңіз.
- Табалдырығымызды аттағалы отырған Құрбан айт мерекесімен барша мұсылман қауымын шын жүректен құттықтаймын! Жаратқан Ием құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеп жүрген бауырларымызға дін аман елге оралуды жазсын. Әумин!
- Сұхбатыңызға рахмет!

АСТАНА.
Категориясы: Еліміздің соңғы жаңалықтары | Көрілді: 1435 | Ендірген: Kattani_Kz | Рейтингі: 0.0/0 | Материалды бағалау:
Барлық пікірлер: 0


Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2015 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


жарнама орныңыз
жаңалықтар күнтізбесі
«  Қараша 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар:

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: princedastanbek

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 4025
Осы ай ішінде: 0
Осы апта ішінде: 0
Кеше: 0
Бүгін: 0