Дүйсенбі, 23.Сентября.2019, 22:22
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
сауалнама
Қай облыстан боласыз?
Жауап берілді: 8169
 

Негізгі бет » 2012 » Қыркүйек » 10 » Басшыға бағыну –парыз


Басшыға бағыну –парыз
00:55

Қасиетті Құранда: «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бойсұныңдар, пайғамбарға бойсұныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ» («Ниса» сүресі, 59-аят), - делінген.

Бұл аятта ел билігі тізгінін ұстаған тұлғаларға бойұсыну туралы Алланың үкімі айтылған. Аяттың арабша нұсқасындағы «улул амр» яғни, «әмір иелері» кімдер деген сұраққа саңлақ сахабалар мен табиғиндер Әбу Хурайра, Ибн Аббас, Зәйд ибн Әсләм, әс-Судди және Муқатил: - Билік басындағылар, - деп жауап берсе, Ибн Аббас: - Мұсылман ғұламалары, - деп айтыпты. Бұл пікірді Ибн Әбу Талха, Жәбир ибн Абдулла, әл-Хасан әл-Бәсри, Әбу әл-Ғалийә, Мужәхид, ан-Нәхаи және әд-Даххақ (р.а.) қолдаған. Демек, осы аят ел басқаратын басшы, үкім шығаратын және діни пәтуа айтуға тағайындалған тұлғаларды қамтиды.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына хадис-шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсұнбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», - дейді (әл-Бұхари және Мүслім риуаяты). Бұл халықтың өз басшысына бойұсынуы қажеттігін дәлелдейтін хадис.

Ибн Хажәр әл-Әсқәләни имам Бұхаридің хадис жинағы бойынша жазған шархы «Фәтх әл-Бари» атты  кітабында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сөздерді басқаруға немесе билік атқаруға тағайындалған адамдарға бойұсын-уы үшін және оларға қарсы көтерілмеуі үшін айтты. Әйтпесе, мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер пайда болар еді», - деп көрсетіпті. Демек, басшыға бағынбау келіспеушілік туындатуы мүмкін. Ал, келіс-пеушілік өз кезегінде, елдің ауызбіршілігін, жұрттың тыныштығын бұзады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген мұсылман үмбетінің үлгі тұтар тұлғалары - сахабалар ел тізгінін ұстаған басшыларға сөзге келмей бағынатын еді. Өйткені, олар билікке бойұсыну ісіне аса мұқият болған еді. Әсіресе, ел ішінде бүлік шыға қалса, халықты ымыраға шақырып, ел басшысы халифаға қолдау көрсететін. Басшыға бойұсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ауызбірліктің арқасында ғасырлар бойы үстемдік орнатып келген алпауыт мемлекеттер Византия мен Парсы империясын тізе бүктірді. Ғылым мен өнерді дамытып, дүниелік саланың бәрінде жетекшілік жасады. Бұл ненің нәтижесі? Бұл басшыға бағынып, жұмыла жұдырық болғанның нәтижесі.

Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады», - депті (Имам Құртуби тәпсірі). Демек, адамдардың дүниелік һәм ақыреттік амалдары тек басшыға бойұсынумен ғана оңынан келмек.

Басшыға бойұсыну дін Ислам талабы, мұсылмандық міндет. Өйткені, Әнас ибн Мәлік пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабәшилік құл билік жасаса да» (әл-Бұхари), – деген хадисін баян еткені белгілі. Ендеше, әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, оның бұйрығын тыңдауын талап ету - дін Исламның басты ерекшелігі деп айтуға толық негіз бар. Жоғарыдағы аят та, хадис те осыны нұсқап отыр.

Төртінші халифа Әли (р.а.) ел билеген тұста хауариж деген дінбұзар топ болды. Мұсылмандардың ауызбіршілігін бұзу, ел ішіне іріткі салу олардың басты тірліктері еді. Астыртын түрлі айлалар жасайтын. Тіпті, Құран аяттарын бұрмалап, өздерінің арам пиғылдарына пайдалануға тырысатын. Ондай теріс пиғылдылар қазіргі заманда да жоқ емес. Өкініштісі, дінді білмейтін ел кейде сол сөздерге ілесіп кетіп те жатты. Мұндайдан сақтану үшін құрметті жамағат, дінді көшедегі адамнан үйреніп кете беруге болмайды. Соны үйрететін, дін үйретуге тағайындалған басшыдан, жауапты адамнан үйренсек қана адасудан аулақ болмақпыз.

Хазреті Әлидің билігінен мін іздеумен болған хауариждер өзінің арам пиғылын іске асырмақ болып, Құранның «Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…», - делінген «Әнғам» сүресінің 57-аятын басшылыққа ала отырып, «үкімді тек Алла шығарады» - деп ел билейтін кісінің жарлығына бойұсынбайтындықтарын жария-лады. Сол кезде хазреті Әли: «Иә, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын яки тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ асу қажет», - деп жауап беріп, бұл аяттың түп мағынасын елге түсіндіріп, хауариж ағымының теріс пиғылын паш етеді.

Хазреті Омар ибн Хаттабтың (р.а.) ұлы Абдуллаға Язид бин Муғауия халифа болып ел оған ант бергені жайлы хабар жетеді. Сонда кемеңгер сахаба: «Егер ол (Язид) жақсы басшы болса, біз риза боламыз, ал жаман басшы болса, сабыр етеміз», - деген екен. Язид халифалық таққа отырған шақта көптеген сахабалардың көзі тірі еді. Олардың ішінде ел билеуге лайық тұлғалар жоқ еместін. Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Амр Язид бин Муғауияға қарағанда басшы болуға әбден лайық, әрі тәжірибелі еді. Бірақ, ел басшысына итағат етіп бойұсыну дініміздің талабы. Мұны сол сахабалар жақсы білді, әрі өте жоғары деңгейде оған амал етті. Ел тыныш болса, ауызбіршілігі берік болса, басшысы да ел игілігіне қызмет етерін жақсы түсінді. Бүгінгі мұсылмандар, яғни біздер сахабалардың өнегесін өмірімізде ғибрат ете білу қажет-ақ!

Халық - біртұтас мемлекет, ел тыныш боламын десе, ең әуелі басшыларға бағыну ләзім. Мұның кепілі - жақсы және парасатты жетекші. Ондай басшы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп және өзінің халқын алға жетелейді. Басшының салиқалы саясатының астында саналы қоғам құрылады. Сондықтан, мұсылмандардың барлығы өздерінің әмірін қолдауға, құрметтеуге, ізгі бұйрықтарын орындауға, оған тек жақсылық тілеуге және ешбір жағдайда абыройына нұқсан келтірмеуге міндетті.

Мына хадис-шәріпте: «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды!», - деп айтылады.

Зийәд ибн Қусайб: «Бірде мен, Әбу Бакратпен бірге жұп-жұқа киімде құтпа айтып тұрған Ибн Амирдің мінберінің жанында отырғанымда, Әбу Биләл: «Бұзақылардың киімін киетін біздің әмірімізге қараңдар!», - деп басшының абыройын киіміне бола төкпек болды. Сонда Әбу Бакрат дереу оған: «Үніңді өшір, өйткені мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Кім Алла жерде патша еткен әмірді қорласа, Алла оны қорлайды!», - дегенін естігенмін!», - деді», - дейді (әт-Тирмизи риуаяты).

Иә, бұл - әрбір мүмін-мұсылман адам есте сақтауға және басшылыққа алуға тиісті өте маңызды ереже. Мұсылман адам басшыға бағынуға, оны тыңдауға, оған бойұсынуға, сондай-ақ, ол туралы жаман сөздер айтпауға міндетті. Өйткені, дүние мен дін істерінде басшыға бойұсынбаудың зардабы ауыр. Осындай зардаптардың бірі - мұсылмандардың күш-қуаттылығының әлсіреуі. Сол себепті дұшпандарға жауыз жоспарын жүзеге асыруға жол ашылмақ. Егер басшы өз халқының арасында құрметке ие болса және қоластындағылары оның тапсырмаларын бұлжытпай орындаса, онда жау да ол басшыдан қаймығады, әрі оған құрметпен қарайды. Ал, егер мұсылмандардың өздері өз арасынан шыққан басшысын құрметтемесе, онда жау да ол елден сескенбейді, әрі оларға менсінбей қарайтын болады. Сондықтан мүмін-мұсылмандар Отанның тағдыры үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі жүктелген адамды құрметтеуі қажет. Сонда барып, бүкіл дүние жүзі ол басшының халқын да, елі мен жерін де құрметтемек.

Ауф ибн Мәлік (р.а.) Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.): «Басшылардың ең жақсылары - сендер оларды жақсы көргендерің және сендерді жақсы көретіндері. Сендер оларға жақсылық тілейтіндерің және олар да сендерге жақсылық тілейтіндері. Ал бас-шылардың ең жамандары сендер оларды жек көретіндерің және сендерді жек көретіндері. Сендер оларды лағнеттейтіндерің, олар да сендерді лағнеттейтіндері...», - дегенін айтыпты (Мүслім риуаяты).

Алланың қалауымен бір лауазымға сайланып қойылған мұсылман басшыға қарсы шығуға кесімді түрде шариғат тыйым салған. Мұсылманның қолында болған билікті құлатуға немесе оның беделін түсіруге талпыныс жасаған кез келген адам аса Құдіретті Аллаға және Оның соңғы елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) қарсы шыққан боп табылады.

Шейх Әли ибн Әбу әл-Ғизз әд-Димашқи әл-Ханафи «шарх әл-Ақида әт-Тахауия» деген кітаптың шархында: «Құран мен сүннет басшыларға бойұсынуға үндейді, егер басшылар күнә істеуге бұйырмаса, бойұсыну қажеттілігіне нұсқайды. Алла тағаланың: «Аллаға бойұсыныңдар, пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де», - дегеніне терең ой салыңдаршы. Алла осы аятта: «Пайғамбарға бойұсыныңдар», - деді, бірақ: «өздеріңнен болған әмір иелеріне де», - деп «бойұсыныңдар» деген етістікпен айтқан жоқ. Бұл «бойұсыныңдар» деген етістіктің «әмір иелеріне де» деген жерінде тағы да бір рет қайталанбағанының себебі бар. Аятта «бойұсыныңдар» деген етістік пайғамбарға (с.ғ.с.) бойұсыну туралы сөз болғанда қайталанды. Өйткені, оған (с.ғ.с.) бойұсынғанның кез келгені Аллаға бойұсынғандық. Ал, пайғамбар (с.ғ.с.) адамдарға Аллаға бойұсынудан тайдыратын ешнәрсе бұйырмайды. Пайғамбарлар күнәдан сақтандырылған. Ал, кез келген басқа әмір, басшы Алланың еркіне қайшы келетін нәрсені де бұйыруы мүмкін ғой. Сол себепті, аятта басшыларға тек Алланың және Оның елшісінің әмірлеріне сәйкес келетін нәрселерде ғана бойұсынылатынын білдіру үшін «өздеріңнен болған әмір иелеріне де», - деп «бойұсыныңдар» деген етістікпен қайталанған жоқ. Дегенмен, басшылар зұлымдық және әділетсіздік жасап жатса да, мұсылмандар әмірлерге бағынышты бола беруі қажет. Өйткені, оларға бойұсынбаудың салдары ауыр, күнәларынан көп есе кесірлі, зиянды болуы бек мүмкін. Ал егер мүмін-мұсылмандар өздеріне тиіп жатқан әділетсіздікті сабырлықпен көтерсе, оларды күнәларының кешірілуі және еселеген сауаптар күтеді. Алла тағала тек өз амалдарымыздың бұзықтығынан біздің үстімізден күнәһар әмірлерді қойғанын есте сақтауымыз керек. Алла тағала қасиетті Құранда: «Бастарыңа келген кезкелген қасірет қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Бірақ Алла көбін кешіп жібереді» («Шура» сүресі, 30-аят), - делінген. Сондай-ақ, «Әли Имран» сүресінің 165-аятында: «Сендер оларды екі есесіне ұшыратқан (Бәдрдегі) бір қайғыға, өздерін (Ухудта) ұшырағандықтан: «Бұл қайдан келді?» - дедіңдер. (Мұхаммед) оларға: «Ол өз пиғылдарыңнан», - деп айт», - делінген.

Мәлік ибн Динар: «Раббымыз көктен түскен кітаптарының кейбіреуінде: «Мен - бүкіл патшалардың патшасымын және Менің қолымда олардың жүректері. Егер адамдар маған бойұсынса, Мен өзімнің рақымыммен оларға әділ патшаларды патша етемін. Ал егер олар Маған бойұсынбаса, Мен өш алып, оларға залым патшаларды патша етемін. Жүректеріңді патшаларың туралы ойлармен мазаламаңдар, қайта Менің алдымда тәубе етуші болыңдар, ал сонда мен сендерге рақымшылдық етемін», - деген», - депті.

Демек, бастықтың жәбірлеуінен құтылғысы келген адам, ол ең алдымен өзі зұлымдық және әділетсіздік жасаудан тыйылады. Ал бастығының бұйрықтары Алла және Оның елшісінің үкімдеріне қайшы келмесе, барлық тапсырмаларын толыққанды сөзсіз орындайды. Абдулла ибн Омар (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мұсылман адам бұл оған ұнаса да, ұнамаса да, әмірлерді тыңдап, оларға мойынұсынуы қажет, тек егер оған күнәлі іс бұйырылмаса ғана. Ал егер оған күнә істеу бұйырылса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынұсынбауы қажет», - дегенін айтады (әл-Бұхари және Мүслім).

Саләмә ибн Йәзид әл-Джуғфи бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Алланың пайғамбары, егер бізден міндеттерімізді орындауымызды талап ететін, бірақ өздерінің міндеттерін орындамайтын адамдар бізге билік жасаса, бізге не істеуді бұйырасың?» - деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған теріс бұрылды. Ол өзінің сұрағын екі немесе үш рет қайталады және әр кез пайғамбар оған теріс қарай берді. Сонда әл-Әшғас ибн Қайс Саләмәны қолынан тартты, бірақ осы кезде пайғамбар: «Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер», - деді. (Мүслім).

Хазреті пайғамбар (с.ғ.с.): «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарған: олардың біреуі қаза тапса, оның орнына басқасы келетін. Менен кейін басқа пайғамбарлар болмайды, бірақ әмірлер болады, көптеген әмірлер». Одан: «Ендеше, біз не істеуіміз керек?» - деп сұрағанда, ол: «Берген анттарыңа берік болыңдар, ал Алла олардан қоластындағылардың барлығы үшін сұрайды», - деген. - деді. (Мүслім).

Халықты басқару арқылы адам өзіне өте ауыр жауапкершілікті жүктейді. Өйткені қиямет күні әрбір адам өз билігінде немесе қарамағында болғандардың барлығы үшін жауап бермек. Мысалы, отағасының өзі - жанұя басшысы. Демек, қиямет күні ол әйелі және балалары үшін жауап бермек. Мемлекет басшысы өзінің қоластындағылардың барлығы үшін жауап береді. Бұл жөнінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің әрбірің - бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам - бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты. Күйеуі - жанұяда бақташы және өз отбасы үшін жауапты. Әйелі - ерінің үйінде бақташы және ол үшін жауапты. Қызметші - өз қожайынының дәулетіне бақташы және оған жауапты. Бала - әкесінің дәулетіне бақташы және ол да оған жауапты. Сендердің әрбірің – бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты», - дейді (Әхмад, Әбу Дауд, әт-Тирмизи).

Келесі бір хадисте хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Уа, Абд әр-Рахмән, өзіңді әмір етіп тағайындауды талап етпе, өйткені сені талабың бойынша әмір етіп тағайындаса, осы лауазым үшін жауап бересің. Ал егер сені талабыңсыз тағайындаса, онда саған басшылықты атқаруда көмек көрсетілмек», - деген екен (әл-Бұхари және Мүслім).

Ендеше мұсылман адам Раббысынан қорқып, жауапкершілікті өзі іздемеуі керек екен. Алайда егер халық оған билікті сеніп тапсырып жатса, ол барлық істе әділ және Құдайдан қорқып, бар күш-жігерін салып халқына қызмет етуі тиіс. Бұл туралы Раббымыз өзінің жердегі басшыларына әділ болуды бұйырады. Қасиетті Құранда: «Егер үкім шығарсаң, әділдікпен үкім ет» («Мәидә» сүресі, 42-аят), - делінген.

Ибн Аббас пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын риуаят етіпті: «Кім өзінің бастығынан өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, бұған сабырлықпен қарасын. Өйткені, көпшіліктен бір еліге болса да бөлініп өлген адам, өлімді надандықпен тапқан болады» (әл-Бұхари және Мүслім риуаяты).

Сондай-ақ, Ибн Мәсғуд жеткізген мына хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады», - дейді. Сонда сахабалар одан: «Уа, Алланың елшісі, сол уақытты көретіндерімізге не істеуді бұйырасың?», - деп сұрағанда, ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер», - деп жауап берді (әл-Бұхари және Мүслім).

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дін Исламды ұстанып, қасиетті Құран мен хадис-шәріптерге бойұсынып, сүннетіне ілесушілердің тап-таза және шынайы көзқарастары, міне осындай. Сондай-ақ, мұсылмандар басшыларға адал болса, ешкімнің қастығы олардың иманын талқандай да алмайды, мұны ескерелік. Өйткені Алла Тағала былай деді: «Егер сабырлы және тақуа болсаңдар, олардың (яғни Алланың дұшпандарының) арам ойлары сендерге еш зиян тигізбейді» («Әли-Имран» сүресі, 120-аят).

Сөзімді кемеңгер ғалым және фәқих Әхмәд әт-Тахауидің (239-321 Һ) тұжырымдамасымен қорытындыламақпын. Ғалым шынайы Ислам сенімі туралы өзінің «әл-Ақида әт-Тахауия» кітабында: «Біз имамдарымыз бен әмірлерімізге қарсы шығуды мойындамаймыз, тіпті олар қателессе және әділетсіздік жасаса да. Біз оларды лағнеттемейміз және оларға бойұсынудан бас тартпаймыз. Біз оларға бағыну арқылы Ұлы және Құдіретті Аллаға бағынамыз дегенге сенеміз. Ал оларға бойұсыну – барлық нәрседе міндетті, егер олар күнә істеуді бұйырмаса ғана. Біз үнемі Аллаға Ол оларды тура жолға салсын және есендік берсін деп жалбарынамыз», - деп жазады.

Бұл - сүнниттердің, яғни әһли-сунна уал-жамағаттың ұстанымы. Сондай-ақ, хауариждер сияқты теріс пиғылды ағымдардан, бидғатшылардан бізді ажыратып тұратын негіздердің бірі де осы.

Категориясы: Уағыз-насихат бөлімі | Көрілді: 1694 | Ендірген: Dinislam_Kz | Рейтингі: 5.0/1 | Материалды бағалау:
Барлық пікірлер: 0


Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2015 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


жарнама орныңыз
жаңалықтар күнтізбесі
«  Қыркүйек 2012  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар:

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: princedastanbek

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 4025
Осы ай ішінде: 0
Осы апта ішінде: 0
Кеше: 0
Бүгін: 0