Таухид Рубубия және оның дәлелдері - Сұхбат
Дүйсенбі, 20.Ақпан.2017, 16:57
НЕГІЗГІ БЕТ КІРУ ТІРКЕЛУ
Әссәләму аләйкум, Қош келдіңіздер: Қонақ · Тобыңыз: "Қонақтар" · RSS
[ Жеке хаттар() · Жаңа жазулар · Қатысушылар · Сұхбат тәртібі · Іздеу · RSS ]

...:: Сұхбаттағы соңғы жазулар ::...
Тақырыбы Соңғы жазу Жауаптар саны Сұхбат
Болашақ жар таңдаймын... Уақыты: 12.Қазан.2015, 01:07
Соңғы жазған: Multfilm
13 Бозбала мен бойжеткен танысу бұрышы.
Мұсылманша неке қию Уақыты: 02.Тамыз.2015, 00:48
Соңғы жазған: Dinislam_Kz
40 Үйлену оңай, үй болу қиын.
Түс көру туралы... Уақыты: 15.Сәуір.2015, 11:53
Соңғы жазған: Simbat2590
27 ИМАН (Аллаһтан басқа табынуға лайықты ешкім жоқ)
Танысу бұрышына қош келдіңздер... Уақыты: 28.Сәуір.2014, 17:48
Соңғы жазған: zhanbolat87
6 Бозбала мен бойжеткен танысу бұрышы.
Келіңіздер танысалық Уақыты: 02.Наурыз.2014, 23:28
Соңғы жазған: umka88
15 Келіңіз танысайық.... (Сіз қай қаладансыз?)
|  Досыма жіберу | Барлығы

Страница 1 из 11
Сұхбат » ...:: Аллаһтың құзырында қабыл болатын дін, тек - Ислам ғана ::... » ИМАН (Аллаһтан басқа табынуға лайықты ешкім жоқ) » Таухид Рубубия және оның дәлелдері (Таухид Рубубия және оның дәлелдері)
Таухид Рубубия және оның дәлелдері
abuhanifaУақыты: Дүйсенбі, 31.Қаңтар.2011, 15:57 | Хабарлама # 1
Жаңадан тіркелуші
Тобы: Қолданушылар
Жазған хаттар саны: 11
[ ]
Ажыратылған
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Таухид Рубубия
және
оның дәлелдері


Барлық мақтау Аллаһқа тән, Оның құлы әрі елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның жанұясы мен сахабаларына Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!
Расында, мұсылман үшін осы дүниедегі ең қымбат нәрсесі иман. Өйткені, иман — біздің бақытты болуымыздың себебі. Қияметте барлық адамзат зиян шегуде болғанда тек иман келтірген, игі амал істеген, ақиқатты және сабырлықты бір-біріне өсиет еткендер ғана зиян шекпейді. Аллаһ Тағала Асыр сүресінде айтады:
﴿وَالْعَصْرِ (1) إِنَّ الْإِنْسَانَ لَفِي خُسْرٍ (2) إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ (3)﴾
"Асырға серт! Адамзат зиян шегуде, тек иман келтіргендер, салиқалы амал істегендер және ақиқатты өзара өсиет еткендер әрі сабырлықты өсиет еткендер ғана зиянға ұшырамайды".[1]
Яғни кімде осы төрт сипат болса, солар бақыттылар. Ол сипаттардың ең біріншісі — иман. Сондықтан мұсылман адам өзінің иманына қатты көңіл бөлуі керек. Өйткені егер иманымыз түзу болса, одан шыққан амалдар да түзу болады, әрі қабыл етіледі. Қашан иманымызда бір шикілік болса, одан шыққан сөз де, амал да дұрыс болмайды, әрі қабыл етілмейді.
Барлық пайғамбарлар (оларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз қауымдарын ең бірінші иманға, таухидке шақырған. Олардан кейінгі ғұламалар да пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) еріп, бірінші ақидадан бастайтын еді. Өйткені ең жақсы жол — ол пайғамбарымыздың жолы. Аллаһ Тағала баршамыздың білімімізді артырсын, иманымызды күшейтсін және білген білімімізге сай амал қылуымызды нәсіп етсін! Сондай-ақ иманымызды жоққа шығаратын барлық күпірлік пен екіжүзділіктен сақтасын! Әмин!
Таухид Рубубияның тілдік және шариғаттағы мағынасына келер болсақ, Таухид рубубия арап тілінде "Роббаба" етістігінің түбірі және осы етістіктен "робб" – деген есім шыққан. Демек "рубубия" сөзі "робб" деген сөзден алынған, қазақ тілінде Раббы дейміз. Арап тілінде "Робб" деген сөз бірнеше мағынаны білдіреді.
Біріншісі: "Патша" - деген мағына.
Екіншісі: "Оған бойұсынылатын Басшы" – деген мағына.
Үшіншісі: "Түзетуші" – деген мағынаналарды білдіреді.
Таухид рубубияның шариғаттағы мағынасына келер болсақ, ол ғұламалар айтқандай: "Аллаһ барлық істерді бір Өзі істейді, онда Оның ешбір серігі, не көмекшісі жоқ" – деген мағынаны білдіреді. Демек, Аллаһ Тағала бір Өзі барлық жаратылыстарды жаратады. Аллаһ Тағала айтады:
﴿اللَّهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ ﴾
"Аллаһ барлық нәрсені Жаратушы".[2]
Яғни, "Аллаһ Тағала Істерін жалғыз Өзі атқарады" – деп иман келтіру. Сондай-ақ: "Аллаһ барлық адамзат пен жан-жануарларды Ризықтандырушы" – деп иман келтіру, бұл да таухид рубубияға жатады. Аллаһ Тағала айтады:
﴿وَمَا مِن دَآبَّةٍ فِي الأَرْضِ إِلاَّ عَلَى اللّهِ رِزْقُهَا﴾
"Жер бетінде өрмелеген нәрсенің барлығының ризық-несібесі Аллаһтың қолында".[3]
Сондай-ақ, таухид рубубияға: "Аллаһ Тағала патшалардың Патшысы, бүкіл әлемнің істерін Басқарушы, қалағанын құрметті қылады, қалағанын қорлайды. Оның құдіретінде шек жоқ, күндізді түнге айналдырады, түнді күндізге айналдырады және өлтіреді, әрі тірілтеді" - деп иман келтіру жатады.
Бұған дәлел — Аллаһ Тағала Өз елшісіне былай деп дұға қылуды бұйырып:
﴿قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَ مَنْ تَشَاءُ وَتَنْزِعُ الْمُلْكَ مِمَّنْ تَشَاءُ وَتُعِزُّ مَنْ تَشَاءُ وَتُذِلُّ مَنْ تَشَاءُ بِيَدِكَ الْخَيْرُ إِنَّكَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ (26) تُولِجُ اللَّيْلَ فِي النَّهَارِ وَتُولِجُ النَّهَارَ فِي اللَّيْلِ وَتُخْرِجُ الْحَيَّ مِنَ الْمَيِّتِ وَتُخْرِجُ الْمَيِّتَ مِنَ الْحَيِّ وَتَرْزُقُ مَنْ تَشَاءُ بِغَيْرِ حِسَابٍ (27)﴾
"(Мұхаммед): "Йә, мүлік пен дәулет Иесі болған Раббым! Сен қалағаныңа мүлік бересің және қалағыныңнан оны тартып аласың, қалағаныңды құрметті қыласың, қалағаныңды қор қыласың, барлық жақсылық Сенің қолыңда, әлбетте Сенің барлық нәрсеге күшің жетеді, түнді күндізге кіргізесің, күндізді түнге кіргізесің, өліден тіріні шығарасың, тіріден өліні шығарасың және қалағаныңа ризық-несібе бересің"- деп айт"[4] - деді.
Аллаһ Тағала көктерді қалай жаратқандығы, жер бетінде жан-жануарларды таратып, бұның барлығы тек Оның жаратқандығы екендіген хабарлап және Одан басқа ешкім ешнәрсе жарата алмайтындығын білдіріп былай дейді:
﴿خَلَقَ السَّمَاوَاتِ بِغَيْرِ عَمَدٍ تَرَوْنَهَا وَأَلْقَى فِي الْأَرْضِ رَوَاسِيَ أَنْ تَمِيدَ بِكُمْ وَبَثَّ فِيهَا مِنْ كُلِّ دَابَّةٍ وَأَنْزَلْنَا مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَنْبَتْنَا فِيهَا مِنْ كُلِّ زَوْجٍ كَرِيمٍ (10) هَذَا خَلْقُ اللَّهِ فَأَرُونِي مَاذَا خَلَقَ الَّذِينَ مِنْ دُونِهِ بَلِ الظَّالِمُونَ فِي ضَلَالٍ مُبِينٍ (11)﴾

"Ол көктерді өздерің көріп тұрғандай тіректерсіз жаратып, сендерді теңселтпеу үшін жерге асқар тауларды қойды және жер бетіне әр түрлі жан-жануарлар таратты. (Олардың міндетті түрде жейтін азыққа мұқтаж болғандықтарын біліп, айтты): "Көктен жаңбыр жауғызып, әртүрлі өсімдіктерді өсірдік" - деді. Міне, бұлар Аллаһтың жаратқандары. Енді әй мүшріктер, сендер маған Аллаһтан басқа құдай деп жүргендерің не нәрсе жаратқанын көрсетіңдерші? Жоқ, олар бір нәрсені де көрсете алмайды, демек ол залымдар анық адасуда".[5]
Тағы бір аятта Аллаһ Тағала тек Өзі ғана Жаратушы екенін хабарлап, былай деп айтты:
﴿أَمْ خُلِقُوا مِنْ غَيْرِ شَيْءٍ أَمْ هُمُ الْخَالِقُونَ﴾
"Олар еш нәрсесіз жаратылды ма? Әлде олар өздері жаратушы ма ?"[6]
Яғни оларды ешбір жаратушы жаратқан жоқ, олар өз-өздерін жаратты ма? Жоқ, бұлардың екеуі де мүмкін емес. Өйткені:
1) Бұл әлемде еш нәрсе өзінен-өзі болмайды.
2) Адамдар өздерін-өздері жарата алмайды.
Біріншісін алатын болсақ, оны басқасы тұрмақ жас сәби біледі. Өйткені егер оны біреу артынан түйіп жіберсе, ол бала бұрылып: "Мені кім ұрды?" - дейді. Егер оған: "Сені ешкім ұрмады" - десең, ол оны қабылдамайды. Міне бұны жас бала білсе, басқасы қалай білмесін?!
Екіншісін алатын болсақ, адам баласының барлығы, бұрынғысы да кейінгісі де, жасы да кәрісі де жиналып, ең соңғы техниканы қолданса да, олар өздері одан адам болып жаратылған бір тамшы суды ешқашан жарата алмайды. Ол суды ұйыған қанға, қанды етке, етті сүйекке кигізе алмайды. Тіпті оны айтпай-ақ, олар егер Аллаһтан басқа біреуді құдай деп жүргендерінен сол бір тамшы суды жаратып беруін сұраса, олары да барлығы жиналса да бір шыбын жарата алмайды. Тіпті егер ол шыбын олардан бір нәрсені алып ұшса, олар оны шыбыннан да қайтарып алуға шамалары келмейді. Аллаһ Тағала айтады:
﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ ضُرِبَ مَثَلٌ فَاسْتَمِعُوا لَهُ إِنَّ الَّذِينَ تَدْعُونَ مِن دُونِ اللَّهِ لَن يَخْلُقُوا ذُبَابًا وَلَوِ اجْتَمَعُوا لَهُ وَإِن يَسْلُبْهُمُ الذُّبَابُ شَيْئًا لَّا يَسْتَنقِذُوهُ مِنْهُ ضَعُفَ الطَّالِبُ وَالْمَطْلُوبُ﴾
"Ей адамдар, бір мысал келтірілді, соған құлақ салыңдар! Расында сендер Аллаһты қойып, оған құлшылық қылған пұттарың егер барлықтары біріксе де бір шыбын жарата алмайды. Егер шыбын олардан бір нәрсені алып ұшса, оны (сол шыбыннан да) құтқара алмайды".[7]
Міне құрметті жамағат, осыдан адамдардың және олардың тәңір деп жүргендері бір нәрсені жаратпақ түгіл, өздерінің қандай мөлшерде әлсіз екенін көруге болады. Сондықтан да Аллаһ Тағала: "Өзінен басқа бір жаратушы бар ма?" - деп шақырса да, осы күнге дейін ешкім: "Мен жаратушымын" - демеген. Бұдан Аллаһтан басқа жаратушы, ризықтандырушы, істерді басқарушының жоқ екенін білуге болады.
Таухид Рубубияға байланысты хадисте келген дәлелдеріне келер болсақ, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ибн Аббасқа (оған Аллаһ разы болсын) айтқан өсиетінде былай дейді:
"...واعلم أن الأمة لو اجتمعت على أن ينفعوك بشئ لم ينفعوك إلا بشئ قد كتبه الله لك وإن اجتمعوا على أن يضروك بشئ لم يضروك إلا بشئ قد كتبه الله عليك رفعت الأقلام وجفت الصحف" ( رواه الترمذي وقال حديث حسن صحيح)
"Біл, егер бүкіл адамзат саған бір пайда келтіру үшін біріксе, олар саған Аллаһтың жазғанынан басқа бір пайда әкеле алмайды, және егер бүкіл адамзат саған бір зиян тигізу үшін біріксе, олар саған Аллаһтың жазғанынан басқа ешбір зиян тигізе алмайды. Тағдырды жазатын қаламдар көтерілді және оған тағдырлар жазылған парақтар кепті".[8]
Яғни, Аллаһ тағдырды жазып қойған және ол ешқашан өзгермейді.
Міне, бұл хадистен пайда да, зиян да тек қана Аллаһтың қолында екенін көруге болады.
Аллаһтың Рубубия да Жалғыз екендігін адамның ақыл-ойы арқылы да білуге болады. Ол екі түрге бөлінеді:
1) Адамның қалай жаратылғандығына қарап, ой жүгірту арқылы.
2) Бұл әлемнің қалай жаратылғандығына қарап, ой жүгірту арқылы.
Біріншісі: Егер адам баласы өзінің жаратылысына қараса, тек Аллаһтың бір Өзі ғана жарату күшіне Ие екеніне көзі жетеді. Өйткені адамның денесінде ешбір мүшесі бекерден-бекер жаратылмаған, олардың әр-қайсысының өзіндік атқаратын жұмысы бар. Және олардың әр-қайсысы толығымен өзіне лайықты жеріне қойылған. Көз, құлақ, ауыз – барлығы өздеріне лайықты, адамға ыңғайлы жеріне орналасқан. Адамның естуі мен көруінде және сөйлеу, тыныс алуында ғана оларды жаратқан Аллаһтың құдіретіне дәлел болатын белгілер бар. Адамның жоқтан бар болуында, бір тамшы судан сөйлейтін, ойлайтын, алуан түрлі құрылыстар құрып, үлкен-үлкен ғимараттар тұрғызуында ақылы бар адам үшін Жаратушы Аллаһтың зор хикмет Иесі екеніне дәлел болатын белгілер бар. Адам баласының әртүрлі-түсті болуының және әртүрлі тілде сөйлеулерінің өзі бір ғажайып нәрсе. Сол үшін Аллаһ Тағала Өзінің жалғыз екеніне дәлел болатын адамның өзінде қаншама аяттар бар екенін айтты:
﴿وَفِي أَنفُسِكُمْ أَفَلَا تُبْصِرُونَ﴾
"Және өздеріңде де (аяттар бар), көрмейсіңдер ме?"[9]
Екіншісі: Адам бұл әлемнің жаратылысына қарап ой жүгіртсе, оның Жаратушысы тек бір Аллаһ екенін білуіне болады. Өйткені бұл сондай үлкен әлем сан-алуан түрлі заттарымен осындай тура тәртіппен жүруі оның жаратушысы тек біреу екеніне кескінді дәлел болады. Және сол Жаратушы – Аллаһ екенін біледі. Аллаһ Тағала айтады:
﴿لَوْ كَانَ فِيهِمَا آلِهَةٌ إِلَّا اللَّهُ لَفَسَدَتَا فَسُبْحَانَ اللَّهِ رَبِّ الْعَرْشِ عَمَّا يَصِفُونَ﴾ (22) سورة الأنبياء
"Егер көк пен жерде Аллаһтан басқа құдайлар болса, ол екеуі де бұзылар еді. Демек аршының Иесі болған Аллаһ барлық кемшіліктен пәк."[10]
Өйткені егер жер мен көкте бірнеше құдайлар болса, олардын әр-қайсысы өзі қалаған істі жүзеге асырмақшы болар еді, соның нәтижесінде жер мен көктің екеуі де бұзылар еді. Немесе олардың әр-қайсысы өздері жаратқанын алып кетер еді, әрі бір-біріне үстемдік етуді қалап нәтижесінде бұл әлемнің тәртібі бұзылар еді. Аллаһ Тағала айтады:
﴿مَا اتَّخَذَ اللَّهُ مِن وَلَدٍ وَمَا كَانَ مَعَهُ مِنْ إِلَهٍ إِذًا لَّذَهَبَ كُلُّ إِلَهٍ بِمَا خَلَقَ وَلَعَلَا بَعْضُهُمْ عَلَى بَعْضٍ سُبْحَانَ اللَّهِ عَمَّا يَصِفُونَ﴾
"Аллаһтын баласы жоқ және Онымен бірге ешбір тәңір болған емес. Егер болса, міндетті түрде әрбір тәңір өзі жаратқан нәрсені (бөлек) алып кетіп, бір-бірлеріне үстем болып алатын еді".[11]
Адам бұл әлемге қараса, ондағы барлық нәрселер өзінің жұмысын атқаратынын және олардың барлығы тек бір Аллаһтың бұйрығымен жүретінін көреді. Міне, дәл осы нәрсемен Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) перғауынға бұл әлемде тек Бір Жаратушы бар екеніне дәлел келтірді. Перғауын Мұсадан (оған Аллаһтың сәлемі болсын):
﴿قَالَ فَمَنْ رَبُّكُمَا يَا مُوسَى﴾
"Ей Мұса, сендердің Раббыларың кім?"[12] - деп сұрады. Сонда Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) оған өте толық, әрі жеткілікті жауап қайтарды:
﴿قَالَ رَبُّنَا الَّذِي أَعْطَى كُلَّ شَيْءٍ خَلْقَهُ ثُمَّ هَدَى ﴾
"Біздің Раббымыз барлық жаратылыстарды жаратқан және барлығына өзіне лайықты бейнесін беріп, олардың әрбірін не үшін жаратылғандарын көрсетіп қойған Аллаһ"[13] - деді.
Демек бұл әлемде әрбір жаратылыстың өзіне тән дене пішіні, түрі мен түсі бар. Олардың әрбірі өзіне не пайда, не зиян екенін біледі. Жыртқыштар қалай аң аулауды, басқалары қалай қорғануды және қоректенуді біледі. Тіпті жаңа туған, әлі көздері ашылмаған қозы мен лақ анасының емшегін өзі тауып емеді. Көзге көрінбейтін кішкентай құрт-құмырсқа мен жәндіктер қыстың суығынан тығылып, көктемде қайта шығады. Құстардың ауада ұшуы, балықтардың суда жүзуі — бұның барлығы оларды жаратқан Аллаһтың Құдіреті шексіз екеніне және Оның бір Өзі ғана Оған құлшылық етуге лайықты екендігіне дәлел болады.

Дайындаған: Сабиев Талғат
[1] Асыр сүресі.
[2] Зумар сүресі, 62-аят.
[3] Һуд сүресі, 6-аят.
[4] Әли ‘Имран сүресі, 26-27-аяттар.
[5] Луқман сүресі, 10-11-аяттар.
[6] Тур сүресі, 35-аят.
[7] Хаж сүресі, 73-аят.
[8] Тирмизи риуаят еткен және бұл хадисті хасан сахих деген.
[9] Зәрият сүресі, 21-аят.
[10] Әнбия сүресі, 22-аят.
[11] Мүміндер сүресі, 91-аят.
[12] Тоха сүресі, 49-аят.
[13] Тоха сүресі, 50-аят.

Сұхбат » ...:: Аллаһтың құзырында қабыл болатын дін, тек - Ислам ғана ::... » ИМАН (Аллаһтан басқа табынуға лайықты ешкім жоқ) » Таухид Рубубия және оның дәлелдері (Таухид Рубубия және оның дәлелдері)
Страница 1 из 11
Поиск:


© 2008-2015 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды