Өсиет әңгімелер - Страница 2 - Сұхбат
Сәрсенбі, 25.Қаңтар.2017, 03:23
НЕГІЗГІ БЕТ КІРУ ТІРКЕЛУ
Әссәләму аләйкум, Қош келдіңіздер: Қонақ · Тобыңыз: "Қонақтар" · RSS
[ Жеке хаттар() · Жаңа жазулар · Қатысушылар · Сұхбат тәртібі · Іздеу · RSS ]

...:: Сұхбаттағы соңғы жазулар ::...
Тақырыбы Соңғы жазу Жауаптар саны Сұхбат
Болашақ жар таңдаймын... Уақыты: 12.Қазан.2015, 01:07
Соңғы жазған: Multfilm
13 Бозбала мен бойжеткен танысу бұрышы.
Мұсылманша неке қию Уақыты: 02.Тамыз.2015, 00:48
Соңғы жазған: Dinislam_Kz
40 Үйлену оңай, үй болу қиын.
Түс көру туралы... Уақыты: 15.Сәуір.2015, 11:53
Соңғы жазған: Simbat2590
27 ИМАН (Аллаһтан басқа табынуға лайықты ешкім жоқ)
Танысу бұрышына қош келдіңздер... Уақыты: 28.Сәуір.2014, 17:48
Соңғы жазған: zhanbolat87
6 Бозбала мен бойжеткен танысу бұрышы.
Келіңіздер танысалық Уақыты: 02.Наурыз.2014, 23:28
Соңғы жазған: umka88
15 Келіңіз танысайық.... (Сіз қай қаладансыз?)
|  Досыма жіберу | Барлығы

Страница 2 из 2«12
Сұхбат » Дініміз - Ислам, кітабымыз - Құран, жолымыз - сүннет, мазхабымыз - Ханафи » Өсиет әңгімелер, насихат сөздер. » Өсиет әңгімелер (Үлкендердің өмірінен кішілерге насихат)
Өсиет әңгімелер
janbolatУақыты: Сейсенбі, 21.Сәуір.2009, 21:20 | Хабарлама # 16
нөл
Тобы: Модераторлар
Жазған хаттар саны: 514
[ ]
Ажыратылған
Білім артық па, байлық артық па?

VII ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әлінің (Әли ибн Әби Талиб) ел ішінде «ілімнің қақпасы» аталып кеткендігінің рас - өтірігін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған. Олардың бәрі Әзірет Әліге бір ғана сұрақ: "Білім артық па, байлық артық па?» деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны шын мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі әр адам қойған бір сұраққа түрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген екен:
1. Білім артық, өйткені, ол-пайғамбарлардан қалған мирас, байлық-бақылдардан қалған мұра.
2. Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
6. Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық деген екен.

Пайдаланылған адебиет: Мырзагелді Кемел «Абзалдық әліппесі»
http://www.muftyat.kz/gibratnama/802-bilim-arty1179.html


KZ
janbolatУақыты: Дүйсенбі, 18.Мамыр.2009, 00:01 | Хабарлама # 17
нөл
Тобы: Модераторлар
Жазған хаттар саны: 514
[ ]
Ажыратылған
Әзірейілді таңғалдырған

Хақ Тағала әу бастан әрбір пендесінің қай уақытта және қай жерде өлетінін жазмышқа жазып қойған. Сол себепті адамның ажалы жеткен сәтте сол жаны шығатын мекенге барып өледі. Бір елдің атақты бір актері өмір бақи ұшаққа мінуден қорқады. Жасы елуден асқан шақта бір күні амалсыз шақырылған жерге жедел бару үшін ұшаққа мінеді. Ұшақ қозғала бастағанда әлгі әртіс кенеттен көз жұмып, жантәсілім етеді...
Осыған ұқсас бір оқиға хазіреті Сүлеймен заманында да болады. Бір күні бір адам хазіреті Сүлеймен патшаға жүгіріп келеді. Жүзі қуарып, бүкіл денесі дірілдеп қатты қорқып тұрды. Бұны көрген Сүлеймен пайғамбар: «Саған не болды, өңің қуарып кетіпті ғой?»,- деп сұрайды. Әлгі адам үрейден әлі арыла алмаған кейіпте қалтырап: «Әзірейілді көрдім. Маған бір түрлі суық қарады. Оның сол түрін көріп қатты қорықтым. Сізден көмек сұрағалы келдім», - дейді істің мән-жайын түсіндіріп. Хазіреті Сүлеймен: «Онда менен не сұрайсың? Сен үшін қолымнан не келеді?», - дегенде, әлгі адам: «Патшам! Хақ Тағала саған ұшқыр желді бағындырды. Ендеше желге бұйрық бер. Мені Үндістанға апарып тастасын. Мүмкін сол жерге кетсем Әзірейілдің қармағынан құтылармын»,- деп жалынады. Хазіреті Сүлеймен желге әмір етіп, ол адамды Үндістандағы бір аралға апарып тастайды. Ертеңіне хазіреті Сүлеймен халықты қабылдай бастаған уақытта Әзірейіл кіріп келеді. Сүлеймен пайғамбар оған: «Кеше маған бір адам келіп, сенің оған суық қарағаныңды айтты. Мұның мәнісін не?»,- дейді. Сонда Әзірейіл былай деп жауап береді: «Патшам! Мен ол адамға суық кейіппен қарағаным жоқ. Оны көрген кезде қатты таңдандым. Өйткені Аллаһ Тағала маған: «Пәленше деген құлымның жанын Үндістанда ал!» деп әмір берген еді. Ал айтылған адамды осы жерде көргенде қатты таңырқадым. Ішімнен мына адамның жүз қанаты болса да аз уақытта Үндістанға жете алмас» деп ойладым. Сондықтан да оның жүзіне таңырқай қарап не істерімді білмей қалған едім. Бірақ аздан соң оның ақтық сағаты келген кезде Аллаһ Тағаланың әмірі бойынша Үндістандағы оның жанын алатын жерге бардым. Бірақ сол жерде тағы да әлгі адамның жүргенін көріп таңғалдым. Артынша ажалы жетіп, оның жанын алдым»,- дейді.
Иә, әркімнің қашан және қай жерде өлетіні о баста-ақ жазмышта жазылған. Алайда бұл пендеге беймәлім. Сондықтан жер шарының қай жерінде, қанша жасында өлетіні беймәлім адам баласының әрқашан өлімге әзірлік жасағаны абзал.

http://www.muftyat.kz/896-1240zirejjildi-ta11871171aldyr1171an.html



KZ
janbolatУақыты: Сейсенбі, 23.Маусым.2009, 11:54 | Хабарлама # 18
нөл
Тобы: Модераторлар
Жазған хаттар саны: 514
[ ]
Ажыратылған
тереземіздің тазалығы

Жас жұбайлардың жаңа үйге көшкен кез. Таңертең жастар шәйға енді тұрса, көршілері жуылған кірлерді балконына жайып үлгіретін. Жас әйел күйеуіне 'Қарашы, кірлерді таза жумапты, түһ кір жууды да білмейді, арзан сабынмен жуған шығар' депті. Күйеуі бетіне бір қарап, үндемей таңғы асын іше беріпті. Бір ай бойы әйел көршісінің кір жуғанын көрген сайын айтқан сөзін қайталай беріпті. Бір күні қараса - көрші кірін тап-таза ғып жуып қойыпты. Аңтаң болған әйел 'О-о, мынаны қара! кір жууды ақыры үйреніпті ғой, кім үйретті екен..' десе, 'Мен таңертең сәл ертерек тұрып, терезелерді сүртіп шықтым' депті күйеуі. Басқаларды қалай көретініміз - тереземіздің тазалығына байланысты.

http://angime.blogspot.com/2009/06/blog-post_20.html



KZ
SalamatУақыты: Сәрсенбі, 24.Маусым.2009, 00:05 | Хабарлама # 19
Подполковник
Тобы: Модераторлар
Жазған хаттар саны: 137
[ ]
Ажыратылған
Мәңгілік есімде қалған оқиға. Теледидарды қосып қалсам Иерусалимде шіркеудің белді ғұламасы мен ислам дінінің ғұламасынан журналист сұхпат алып жатыр екен. Бір кезде әлгі шіркеудің өкілі: "Бұл Иерусалим біздің жеріміз, мұсылмандар өздерінің Меккесіне кетсін" деп әзілдеп күлді. Журналист сіз бұған недеп жауап бересіз дегенде Ислам дінінің ғұламасы: "Алла Тағала жер бетін бүкіл адамзат үшін жаратты. Ана жер Буддистікі мына жер Нуддистікі етіп жаратқан жоқ. Сол себепті Мекке де Иерусалим де бүкіл адамзат атаулыға ортақ" дегенде әлгі шіркеудің ғұламасының жүзіндегі күлкі сап тиылып беті қып қызыл алмадай болып кетті.
shamshatУақыты: Сейсенбі, 14.Шілде.2009, 04:58 | Хабарлама # 20
Майор
Тобы: Модераторлар
Жазған хаттар саны: 61
[ ]
Ажыратылған
Абайдың үш билiгi

1. Құн төлету

1902 жылы күзде Мамайдың бiр баласы Сарыбас руынан 20 шақты шаңырақ Нұрлыбай дегендi жер бөлiгiне таласып, Мамайдың ең жуан ауылы 150 үйдей Жиен Шора деген руының Тоқсанбай баласы дегендер ұрып өлтiрген.

Мырза Мамай бiр болыс Қызыл адыр болып екi ортасына түсiп құн кесiп, билiк айтып, бiтiстiрмек болған екен, Нұрлыбайдың ағасы Жақып көнбейдi. Ол:

— «Маған теңдiк беретiн болса, мен Абай алдына барып жүгiнемiн» — деп отырып алады.

Не деген есi жоқ адам екенiн ешкiм бiле алмайды. 20 үй Сарыбас, өздерi Абайдың жауы жағында; Жиен Шора болса 150 үй, Абайдың әрi құрдасы, әрi досы. Сонымен дауласып Абай алдына барып: не теңдiк, не құн аламын деп отырғанын жұрт ұға алмайды. Ақырында Мамайдың жетi баласына басшы адамдар ерiп, Абай алдына екеуiн де апарып, жүгiндiрiп, билiк айтқызуға жүрмекшi болады. Көп кiсi екi бөлiнiп, Мамайдың 30-40 адамы барады. Жидебайдағы Абайдың аулына келiп, сәлем берiп, үйге кiрiп отырысады. Абай Жақыпты берi кел деп қасына таяу отырғызады да: — Iнiң иманды болсын, арты қайырлы болсын — деп көңiл айтады, өзге көпшiлiкке жай амандасады да қояды. Сол келген Мамай кiсiлерiнiң iшiнде Жампейiс Қыйният баласы деген шешен, пысық жiгiт болатын. Ол бұрын Мамай елiнiң ондай-мұндай жұмыстарымен Абайға келiп-кетiп мiнездес болып алған екен. Амандық сұрасқаннан кейiн сол жiгiт сөз бастады:

— Абай аға естiп жатырсыз ғой мына екi ағайын болымсыз жер бөлiгiне таласып, Тоқсанбай балалары Нұрлыбайды ұрып өлтiрiп тастады. Оған бiр болыс мырза Мамай жиналып, құн кесiп, билiк айтып бiтiрмек едiк, оған мына отырған Жақып ақсақал көнбедi. «Сендердiң айтқан билiктерiңдi, әперген құндарыңызды өздерi ашуланған күнi Жиен Шора баласы тартып алып қояды. Алсам да, қалсам да Абайдың әдiлетiне барамын. Жиен Шора мен Абайдың құда, дос екенiн де бiлемiн. Менiң Абайдың қарсы, жауы жағында жүруiм де рас, бiрақ Абайдың әдiлет адамшылығына не айтса да көнемiн» деп келдi. Ендiгiсiн өзiңiз айта берiңiз — деп сөзiн аяқтады.

Сонда Абай:

— Ей, Жампейiс! Осы Нұрлыбайды Тоқсанбай балалары далада төбелесiп өлтiрдi ме? Жоқ, қашқан жерiнде қуып өлтiрдi ме? Соның анығын айтшы — дедi.

Жампейiс: — Нұрлыбай Тоқсанбай аулымен жерлес болатын. Бөлiкке аздаған кикiлжiңi болу керек. Нұрлыбай қойшысына қойын айдатып, бөлiк ортасына келген екен. Тоқсанбай аулынан бұларға қарсы 4-5 атты кiсi шығыпты. Қолдарында ұстаған сойылдары бар екен. Нұрлыбай мұны көрген соң: Мына кәпiрлердiң жүрiсi қалай жаман едi, жуансыған мықты ақымақтар едi. Менiң жүрегiм қозғалайын дептi, үйiме қайтайын деп ауылға бұрылып жүре берiптi. Оны көрген 4-5 атты тоқта деп ұмтылған соң, Нұрлыбай қаша жөнелiптi. Бұлар артынан қуып, тап есiгiнiң алдындағы күлге барған жерде жетiп, екi сойыл қатар тиiп, Нұрлыбайдың қарақұсы ойылып, өлiп кеткен. Бар расы осы, — дедi. Сонда Абай:

— Ер құны елу түйе болады. Ұрыста тұрыс жоқ деп қата тимесе, бата тиiп өлiп кеткен адамды айтады. Сенi өлтiрмей қоймаймын деп қасарысып, қашқанды қуып, әдейiлеп өлтiрген адамның құны жүз түйе болады. Мына Нұрлыбайды өлтiру, әдейi өлтiргендiк. Сондықтан бұның құнын мен жүз түйеге кестiм. Мамайдың алты баласынан келiп отырған сендердiң сыбағаңа бес түйеден 30 түйе құн кемiтiлсiн. Мына Жақыпқа жетпiс құн төлесiн. Соны сендер алып берiп бiтiрiңдер, — дедi.

Сонда Жақып орнынан ұшып тұрды:

— Абай әдiлетiңе, атаңның аруағына құлдық. Барлық Мырза Мамайға жалғыз өзiм көнбей алдыңа келiп едiм. Әдiлетке, теңдiкке қолым жеттi, бүгiн өлсем де ризамын, — деп жылап жiбердi. Жиен Шора жағы бiр ауыз сөз айтпады. Сонда Жампейiс тұрып:

— Ой, Жиен Шора атам баласы мына Жақып Абайдың билiгiне риза болып, құлдық айтып жатыр. Сендер үндемей отырсыңыздар. Ертең елге барған соң пәлен демей риза, наразылықтарыңызды Абайдың өзiнiң алдында айтып кетiңiздер дегенде, Жиен Шорадан шыққан болыс, әрi Абайдың құрдасы Мұсабай деген кiсi:

— Бiз Абайдың билiгiнен асып қайда барамыз. Бiрақ малдан бiр айырылып, бастан бiр айырылып жүрмелiк, артына Абайдың өзi ие болса, — дедi.

Жақып: — Ей, Мұсабай, мен 20 үймiн, сен 150 үйсiң. Болыстық, билiк, әмiршiлiк бәрi өзiңде. Абай алдына келiп құн кестiрiп алып, ендi қалған кiсiлерiңiздi орысқа арыз берiп айдатады дегенге кiм нанады.

Сонда Абай ақырын жымиып күлдi де: — Жақып дұрыс айтады. Онан да Мұсабай сен бiтiмнiң жөнiн тап, аз ағайынды жылатпа, — дедi.

Сонымен Мамай кiсiлерi екi бөлiнiп қонып, ертеңiне қош айтысып қайтып кеттi.

Екi күннен кейiн Сарыбас жағынан бiр кiсi ертiп, Жиен Шора жағынан бiр кiсi ертiп Жампейiс қайта келдi. Ол — Абай аға, екi ағайын сiздiң билiгiңiзге тоқтаса да құн малының баламасына келiсе алмай жатыр. Сарыбас бiр түйеге 7 тоқтыдан беремiз дейдi. Ендi соның жөнiн сұрағалы қайта келдiк, — дейдi.

Сонда Абай: — бұрынғы қазақ жолында құнды үшке бөледi:

1. Сара құн — 1 түйе 20 тоқтыдан, бұның мәнiсi малды таңдап саралап алу.

2. Дара құн — 1 түйе 14 тоқтыдан, бұның мәнiсi малды орташалап алу.

3. Қара құн — 1 түйе 7 тоқтыдан, бұның мәнiсi құн төлеушi көңiлiнен шығарған малын құн үшiн бередi. Осындай баламамен құнды алып берiңiздер, — дедi.

2. Жер дауы

Айқынбай деген кiсiнiң бәйбiше, тоқал — екi әйелi болыпты. Бәйбiшеден де, тоқалдан да екi екiден төрт балалы болады. Бұлар Айқынбай өлгеннен кейiн жер еншiсiн бөлiскенде өз ара келiспей, Кәрiпбай деген Айқынбайдың баласы өзiнiң бiр анадан (бәйбiшеден) туған iнiсi Оспанбаймен жер туралы жанжалдасып қалады. Оспанбайды мұқату үшiн айып тарттырмақшы болып, төбелес кезiнде өзiнiң шекесiн пышақпен тiлiп жiберiптi. Сосын көлденең ағайындар Оспанбайға екi ат-шапан айып кеседi. Сол уақытқа осы дауды түптеп тексере келiп Абай Кәрiпбайдың өз шекесiн өзi жаралап кескенiн анықтап, көлденең ағайындардың Оспанбайға ат-шапан кескен билiгiн өзгертiп, Оспанбайдың айыпқа берген сары бурасын, бiр атын кейiн өзiне қайтарыпты.

Бұдан кейiн Абай жердi қайта бөлiске кiрiскенде жердi бәйбiшеге екi есе, тоқалға бiр есе есебiмен арқан салып бөлгiздi.

Бәйбiшеден Кәрiпбай және Оспанбай екi есе жердi екеуi тең бөлiп бiр еседен алады.

Тоқалдан: Иманбай, Жұманбай екеуi бiр есе жер алып, өздi-өзi бөлiспей риза болысты.

Осылайша жер дауы бiттi.

3. «Найман төлеу»

1880 жылдың шамасында Абай төбе би кезiнде Қарамола дейтiн жерге Шар өзенiнiң бойындағы жәрмеңке болатын мезгiлде билердiң төтенше съезiне барыпты. Бұл съезге арғын, найман, уақ, керей — осы төрт арыстың билерi бас қосқан екен.

Осы съезге найманнан талапкер болып арғын-тобықтыдан мал дауын қуып Борсықбай, Торсықбай, Сасай деген билер де келiптi.

Сасай би көп сөйлемейтiн, бiрақ сөздi тауып сөйлейтiн, шаруасы шағын, қонақасы берерлiктей мал бiткен кiсi екен.

Төбе би Абайдың алдына барлық билер жиналып арғын-тобықты жағы найманға сөз берiп:

— Ал найманның билерi не дауларың бар, не талап етесiңдер, кәне айтыңдар, — дейдi.

Сонда найманның Торсықбай, Борсықбай билерi кезек-кезек сөз алып сөйлейдi:

— Я, бiз келiп, мына жаңа сайланған төбеби Абайдың алдында бұрынғы арғын, тобықты, уақ, керейге сөзiмiз өтпей, қолымыз жетпей жүр едi. Соның салдарынан малымызға төлеу, кiсiмiзге құн ала алмай келдiк, — дейдi.

Бұдан кейiн арғын, тобықтылар «Қандай кiсiң өлдi, неден өлдi; Малыңды қалай алдың, қанша қандай мал едi?» — деп сұрақ қояды.

Мұны тыңдап отырған найманның бiр ақсақалы: — Уа! Сасеке, ендi қашан сөйлейсiз — дейдi.

Сонда Сасай тұрып сөйлеген екен.

— Өй! Арғын тобықты айқайлап жылқымызды алмасаң, ел шауып қиқу салмасаң, жатқан төсектен сасып тұрып, артыңнан қумасам, жыра мен сайға жығылып кiсiм өлмес едi. Нақақтан кiсiм өлмесе, нақақ жала жабар ма едiм, мұнда келер ме едiм? Ал Абай мырза бұған не айтар екен, — деп Сасай би сөзiн тоқтатады.

Абай тұрып: — О, бұл сөйлеген кiм едi, — деп сұрайды. Сонда топ iшiнен бiреуi Абайға:

— Найманның Сасай деген биi осы кiсi, — дептi.

Абай: — Уа! Сасай келсе, мына сөздi Сасай айтса, найманға арғын тобықты аз берiп, көп жалыныңыздар, — дептi.

Абайдың осы сөзi билiк болып орындалғанда арғын, тобықты, найман адамдары өзара келiсiп, бiтiм малын алғанда: ер құнына — нар, түйеге — тайлақ, атқа — тай, қойға — қозы, сиырға — бұзау берiлiптi.

Осыдан кейiн Сасай:

— «Қойыңыз қозы болар, келер жылы өзi болар» — деп наймандарға малдың кiшiсiн де алғызыпты.

Абайдың бұл айтқан билiгi «Найман төлеу» аталып, ел аузында осы күнге дейiн мақал болып келедi екен.


«Жалын» ГАЗЕТI

HayrullaУақыты: Жұма, 14.Тамыз.2009, 13:11 | Хабарлама # 21
Полковник
Тобы: Модераторлар
Жазған хаттар саны: 269
[ ]
Ажыратылған
Әр мұсылман иманын күшейтiп, жаман iстерден бойын аулақ ұстап, iзгi iстер атқаруы үшiн, мейiрiмдi Аллаһқа ризалығын бiлдiрiп, қажетiн тiлеу үшiн күнiне бес уақыт намаз оқуы керек. Намаз - бiздiң дiнiмiздiң тiрегi, мұсылмандығымыздың негiзгi белгiсi. Намаз - жүректi нұрландырып, көңiл көкжиегiн кеңейтедi, Аллаһ Тағала мен бiздiң арамызды тiкелей байланыстырады, Жаратушы Иемiз бiздi бұрынғыдан да жақсы көре түседi. Намаз оқығанымыз үшiн Аллаһ Тағала бiздiң бұл дүниедегi тiлектерiмiздi берумен қоса, ана дүниеде жәннатты сыйлауға уәде еткен. Аллаһты мойындамаған, намаз оқымаған адамдар о дүниеде тозаққа тасталады. Ол өте жаман орын! Аллаһ бiздi одан сақтасын!

Сауабы мол ғибадат

Бiр заманда Жебiрейiл перiште Аллаһ разылығы үшiн 2 рәкәт намазды 70 жыл бойы тұрып оқиды. 70 жыл аз уақыт емес, ал оның мәңгiлiк әлемiндегi уақыт екенiн ескерсек бiздiңше ондаған мыңжылдықтар шықпай ма?
Оқып болып: «Аллаһ риза болды ма екен?» - деп сұрапты. Сонда Аллаһ Тағала:
- Сен әрине ғибадат етесiң. Өйткенi, Менi де, тозақ пен жәннатты да көрiп жүрсiң. Бiр замандарда адамдар жаратамын. Олар не менi, не тозақты, не жәннатты көрмей-ақ иман келтiредi, намаз оқиды. Олар өмiр сүрiп жатқан уақыт көз iлеспес шапшаңдықпен жылжитын болады. Талай қиыншылықтармен алыса жүрiп, асыға жүрiп оқыған солардың намаздары сенiкiне қарағанда әлденеше есе сауапты болмақ, - дептi.

Кеш оқылған намаз

Бiр кiсi өмiр бойы намазын оқып, оразасын ұстап, Аллаһ Тағалаға құлшылық етуiн үзбептi. Тек бiр кемшiлiгi - намазын үнемi кешiктiрiп, уақыты бiтуге таянғанда ғана оқиды екен. Күндердiң бiр күнiнде ажал жетiп, әлгi кiсi өмiрден озыпты. О дүниеге барғанда есеп дәптерi бойынша жауап алынып болған соң, ол тозаққа лайық деп танылыпты. «Қалайша? - деп таң қалыпты мұсылман, - менiң өмiр бойғы жасаған құлшылығым, бiр Аллаһқа деген сүйiспеншiлiгiм мен қорқынышым, маңдайым сәждеде жатып, тозақтан құтылуды тiлегенiм - бәрi босқа кеткенi ме? Маған ақыреттiң жақсылығы шынымен-ақ бұйырмағаны ма?»
Ол есiн жиып үлгiрмей жатып-ақ екi перiште екi жағынан сүйрелеп, тозаққа ала жөнелiптi. Бойын қорқыныш пен үрей билеген, аяқ-қолы дiрiлдеп, аузы икемге келуден қалған байғұс тек iштей: «Намазым, намазым» деп күбiрлей берiптi. Бет қаратпас қып-қызыл жалынның ыстығы ендi денесiне тие бергенде алдынан ақ сақалды, ақ киiмдi адам шыға келiп, отқа лақтырылған бейшараны қағып алып, керi ұша жөнелiптi. «Сен кiмсiң?» - деп сұрайды бұл. «Мен - сенiң намазыңмын», - дептi ол. «Осы кезге дейiн кешiгiп қайда жүрсiң?» «Есiңде ме, сен де менi ең ақырғы сәтте, намаз уақыты бiтерде оқушы едiң ғой.
Үнемi кешiктiретiнсiң, менiң кеш қалған себебiм осы. Ендi қорықпай-ақ қой, мен Аллаһтың қалауымен сенi тозақ отынан құтқарамын», - дептi ақ киiмдi адам. Сөйтiп, намазының арқасында әлгi кiсi жәннатқа лайық болыпты.


Шындық ізде!
Қуғанды қойып елес,
Дәлел сұра, себебі Дін ойын емес.
Дінді түсін - сахабалар түсінгендей,
Дін деген менің, сенің ойың емес!!!
marta-93Уақыты: Дүйсенбі, 16.Шілде.2012, 20:02 | Хабарлама # 22
Жаңадан тіркелуші
Тобы: Қолданушылар
Жазған хаттар саны: 1
[ ]
Ажыратылған
masha arb insha
Сұхбат » Дініміз - Ислам, кітабымыз - Құран, жолымыз - сүннет, мазхабымыз - Ханафи » Өсиет әңгімелер, насихат сөздер. » Өсиет әңгімелер (Үлкендердің өмірінен кішілерге насихат)
Страница 2 из 2«12
Поиск:


© 2008-2015 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды