Астана қаласының білім беру жүйесіне алдағы үш жылда 68,5 млрд. теңге жұмсалады – И. Тасмағамбетов
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Астана қаласының білім беру жүйесіне алдағы үш жылда 68,5 млрд. теңге жұмсалады.
Бүгін Астана қалалық білім беру саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы барысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов осылай мәлім етті , деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Астана қаласының білім беру жүйесіне жұмсалған қаражат соңғы он жылда 73 мрд. теңгеден асты. Дәл осы шамалас қаражатты біз жақын аралықтағы үш жылдықта елорданың білім беру жүйесіне жұмсайтын боламыз. Яғни, Үкіметтің үшжылдық бюджетіне сәйкес, 2009-2011 жылдары Астананың білім беру жүйесіне соңғы он жылда жұмсалған қаржы, нақтырақ айтқанда 68,5 млрд. теңге шығарылғалы отыр. Мен бұл базалық көрсеткіштің аталған жүйеге серпін беретініне сенімдімін. Бұл ең бірінші мектепке дейінгі дайындық мекемелері мен орта білім беру нысандарын жеткілікті салуға қатысты болып отыр», деді И. Тасмағамбетов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні әлеуметтік инфрақұрылымдар елорданың өсуімен және бұндағы тұрғылықты халық санының қарқынды түрде өсуімен теңесе алмай келеді. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сәйкес, қаладағы балалар үлесі 2000-2007 жылдары 27 мыңнан 58 мыңға дейін артқан. Ал орта білім мекемелері бойынша 1998 жылы Астанада 41 мың оқушы білім алатын 37 мектеп болса, бүгінгі күні 65,9 мың оқушыға 62 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектептер қызмет етеді. «Ал бұндай инфрақұрылымдарды өмір ағысымен бірге дамыту алдағы үш жылда толық шешімін табатын болады», деді елорда әкімі.